Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Қауіпсіз ел»:Сауда дүкенінен алтындарды жымқырған күдікті әйел ұсталды

Түркістанда әйел адам дүкеннен алтын ұрлаған

«Қауіпсіз ел»:Сауда дүкенінен алтындарды жымқырған күдікті әйел ұсталды
фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы newsroom.kz порталы Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Түркістан қалалық полиция басқармасына базарда алтын сатумен айналысатын жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, бір дана алтын кулонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Содан тұрғын бірден учаскелік полицейге хабарласып, көмек сұрайды. Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Бөтеннің мүлкін жымқырып, заңсыз әрекет жасаған адамды ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шаралары жүргізілді. Куәлардан сұрастырылып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Полиция қызметкерлерінің жедел түрде әрекет етуінің нәтижесінде күдікті әйел анықталып, ұсталды. Ол шымкенттік тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, ол сауда орнына алтын алушы ретінде келіп, сатушының байқамай тұрғанын пайдаланған. Осы ретте алтын бұйымдарды жымқырып кеткен. Сондай-ақ күдіктінің дәл осындай ұрлық қылмысына қатысты 3 жайты бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 400.000 теңгеге жуық.

Күдіктінің үйінен айғақты зат ретінде ұрланған алтындар табылып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, қазіргі таңда ұрлық жиілеп барады. Осы тұрғыда пәтер, үй ұрлықтарын алдын-алу мақсатында келесідей шараларды қолданғандарыңыз жөн болады:

  1. Пәтеріңізді ұзақ мерзімге қараусыз қалдырмаңыз;
  2. Пәтеріңіз бірінші немесе екінші қабатта орналасса, терезелеріңізді міндетті түрде темір тормен жабдықтаңыз;
  3. Есігіңізге сенімді механизмі бар құлып қондырыңыз;
  4. Бейнебақылау жүйесі мен дабыл құрылғыларын орнатыңыз;
  5. Өздерін жөндеу қызметінің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырса да, қызмет куәліктерін тексерусіз бөтен адамдарды пәтерге кіргізбеңіз.
  6. Балаларыңызға танымайтын адамға есік ашуға тыйым салыңыз;
  7. Ұзақ мерзімге кетіп, үйді қараусыз тастаған жағдайда, көршілерден үйіңізді қарап, келген поштаны уақытылы алуларын сұраңыз;
  8. Бөтен адамдарды домофонмен дәлізге кіргізбеңіз;
  9. Егер Сіз ұрлық сәтінің куәгері болсаңыз дереу «102» арнасына немесе 3-03-60 жұмыс телефонына қоңырау шалыңыз!

Егер сіздер еріксіз пәтер ұрлықтарының құрбаны болсаңыздар, онда ұрланған заттарды толығырақ сипаттауға тырысыңыздар. Бұл – полиция қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді және ұрланған затты заңды иесіне қайтаруға мүмкіндік береді. Осылайша, қарапайым ережені сақтай отырып, пәтер ұрлығының алдын-алу мүмкіндік болатын еді.