Ордабасылық полицейлер тұрғындарды жол апатынан сақтандыру мақсатында акция өткізді,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен аудан орталығында аса маңызды акция ұйымдастырылды.
Жол апатына түсіп, сау тамтығы қалмаған, ескерту жазылған көлікті тиеген эвакуатор Темірлан көшелерін аралады.Полицейлер дыбыс күшейткіш арқылы жол көлік оқиғаларының алдын алу бағытында ескертпелер айтып, жыл басынан бері орын алған жол апаттары туралы мағлұматтар жеткізді.
Еске салайық, қазіргі таңда жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады. Жол қозғалыс оқиғасы өздігінен туындамайды. Ол қозғалыс ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады.
Оқиғалардың басым бөлігі негізінен жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын сақтамаудың, олардың заңға мойынсынушылық мінез-құлықтарының қалыптаспауының, зейінсіз болуының, ішімдік ішіп жолға шығу және жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі, ауа райының қолайсыздығы кезінде жол жабындысының дұрыс болмауының және автомобиль жолдарына малдың шығып кетуінің салдарынан орын алған.
Мамандар максималды жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 % кемитінін айтады. Ал мектептер мен тұрғын үйлердің маңында 20 км/с-қа дейін азайту қажет. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 % азайтатынын зерттеулер дәлелдеген. Ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 % дейін болдырмайды. Сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары балалардың жол-көлік оқиғасынан қаза табуын 54-80 % деңгейде болдырмайды.