Эпидемиологиялық жағдай күрделі: қызылшамен 23 870 адам ауырған

Қызылшаның алдын қалай аламыз?

фото: ашық дереккөзден

Қызылша – сезімталдығы жоғары жіті инфекциялық вирустық ауру (жұқпалылық индексі 100%-ға жуық). Көбінесе қызылшаның белгілері  жіті респираторлық ауруларға ұқсас белгілерден басталады (дене қызуының 40,5°С дейін көтерілуі, жөтел, мұрыннан су ағу, көзден жас ағу). Бұл жағдай 2-3 күнге созылады, содан кейін бөртпе пайда болады, бастапқыда бетте, құлақтың артында, содан кейін бүкіл денеге таралады. Ал осы аурумен қалай пайда болады, және онымен қалай күресеміз? Бұл туралы ҚР ДСМ СЭБК Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасаған newsroom.kz порталының материалынан оқи аласыздар.

Қызылшамен  ауырған адамның айналасындағы адамдарға ауруды жұқтырудың ең қауыпты мезгілі бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн және бөртпе пайда болғаннан кейін 4 күн болып саналады. Қызылшадан асқыну қаупі жас балаларда және 20 жастан асқан ересектерде пайда болады.  

Қызылшаға тән асқынулар: отит, соқырлық, ларингит, пневмония және жатыр мойны лимфа түйіндерінің қабынуы, бұл асқынулар ауыр жағдайларда науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Адам ағзасына ең қатерлі, бірақ бағымызға орай сирек кездесетін асқыну (көбінесе ересектерде болатын) – қызылша энцефалиті.

Қызылшаның таралу жолы – ауа түйірі арқылы: вирус қоршаған ортаға ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде т.б жағдайларда бөлінеді де, ауада немесе жұқтырған беттерде екі сағатқа дейін белсенді және жұқпалы күйінде сақталады.

Қазіргі уақытта республика бойынша қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы күрделі. Ағымдағы жылдың басынан бері барлығы 23 870 жағдай тіркелді, өлім-жітім болған жоқ. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде ҚР ДСМ СЭБК Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауындағы объектілердің қызметкерлері арасында қызылшамен сырқаттанушылық деңгейінің артқаны байқалады (2023 жылдың өткен мерзімінде 121 жағдай тіркелді, ал 2022 жылдың ұқсас кезеңінде – 1 жағдай).

Соның ішінде теміржол көлігі қызметкерлері арасында сырқаттанушылықтың үлес салмағы 78,4 %, әуе көлігінде 21,05 % құрады.

Сонымен қатар, жолаушылар арасында да сырқаттанушылықтың 102 жағдайы тіркелді (теміржол көлігі – 50, әуе көлігі – 52).

Көлік кәсіпорындарында қызылшамен сырқаттанушылықты тұрақтандыру мақсатында Департаменттің және аумақтық бөлімшелердің мамандары инфекцияның таралуын болдырмау үшін жұмыс орны бойынша байланысатын адамдар тобын айқындай отырып, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар кешенін уақтылы жүргізеді. Осылайша, барлық жағдайларда 3 475 байланыста болғандар анықталып, медициналық бақылауды ұйымдастыру үшін тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемелеріне жіберілді. Сонымен қатар, науқастардың жұмыс орнында жұмыс орындарын дезинфекциялау шаралары жүргізілді.

Қызылшадан қорғаудың ең сенімді әдісі – уақтылы вакцинация. Қазақстан Республикасында қызылшаға қарсы иммундау ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес ҚКП (қызылша, қызамық және паротит) аралас вакцинасымен жүргізіледі.

Бірінші вакцинация балаларға 12-15 айда, екіншісі алты жаста жасалады.

Сақтық шаралары: қызылшаның бастапқы клиникасы жіті респираторлық инфекциялар ретінде жүретінін ескере отырып, егер Сізде немесе балаңызда осындай белгілер болса, дереу дәрігерге хабарласыңыз және басқалардан оқшаулау шараларын қолданыңыз.

Балаңызды вакцинациядан «қорғау» арқылы Сіз оны қызылша ауруының жоғары қаупіне ұшырататындығыңызды есте ұстағаныңыз жөн. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы № 7 қаулысына сәйкес қызылшаға қарсы қосымша вакцинациялау жүргізілуде. Қосымша вакцинациядан өтуі тиіс контингент:

- қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі, 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар;

- қызылшаға қарсы профилактикалық иммундауы жоқ медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері.

Иммундау егілетін адамның немесе егілетін адамның ата-анасының (заңды өкілдерінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

 

 

 

 

 

Жүктелуде...