Сұмдық! Ақтөбеде қызылшамен ауырған балалардың 80% екпе алмаған

Ақтөбе облысындағы балалардың көбі қызылшамен ауырып жатыр.

фото: informburo.kz

Бұл туралы newsroom.kz порталы хабарлайды.

Ауруханаларда ем алып жатырған 115 адамның 100-і балалар екен. Олардың 80 пайыздан астамы қызылшаға қарсы екпе алмаған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесінің отырысында айтылған. 

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаеваның мәліметі бойынша облыс аймағында қызылшаға қарсы 8 794 адамды егу жоспарланған болса, оның 4 948-і немесе 56,3 пайызы екпе алмаған. Қазір облыстағы эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, 221 кереует бөлініп отыр. Оның 51-і ересектерге, 170-і балаларға арналған екен.

- Тұрақты иммунитет қалыптастыру үшін қызылшаға қарсы екпе 1 жаста егіледі, 6 жаста қайталап жүргізіледі. 9 айда 1981 адам егілді. Оның 699-ы қызылша ошағымен байланыста болғандар, 15-і бұрын екпе алмаған мигранттар, 623-і жасы бойынша екпе алмаған балалар және 644-і ересектер,- деді Бақытжан Түлкібаева.

Биылғы жылы 90 932 100 теңгеге 30 000 доза вакцина сатып алыныпты. Қазір облыста 2024 жылдың сәуіріне дейін жеткілікті мөлшерде, 25 887 дозаны құрайтын вакцина бар. Оның 22 600 дозасы облыстық қоймада сақтаулы болса, 3 287 дозасы  медициналық мекемелерге берілді.  Вакциналардың барлығы сертифкатталған.

Жүктелуде...