Түркістан облысының Ордабасы ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Отбасы құндылықтары. Зорлық-зомбылықсыз отбасы-бақытты отбасы» іс-шарасы өткен.
Бұл туралы newsroom.kz Түркістан Облысының Полиция Департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оны аудандық «Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Тайтелиеваның ұйытқы болуымен аудандық полиция бөлімі, аудандық аурухана мамандары және түрлі сала мамандары бірлесе жүргізуде. Бүгінде іс-шара аясында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде көмек алуға болатын орталықтар жайлы ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес шаралары жыл бойына жалғасын тауып отырады. Мәселен, учаскелік полиция инспекторлары және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары бірлесіп, әкімшілік аумақтарда профилактикалық жұмыс жүргізу кезінде 8 айда отбасында құқық бұзған 149 тұлғаға «қорғау нұсқамасы» шығарылса, 24 азаматқа «ерекше талап» қойылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі жағдаймен салыстырғанда жағдайдың біршама күрделенгенін көрсетеді.
Отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғалары түрлі жағдайларға негізделеді. Бірі отбасындағы түсініспеушілік, әлеуметтік жетіспеушілік сынды проблемалар болса, енді бірі отбасы мүшелерінің мінез-құлқына қатысты болады. Бүгінге дейін отбасында құқық бұзушылыққа жол берген тұлғалардың ішінен 24 азаматқа мінез-құлқына байланысты сот арқылы ерекше талаптар белгіленді. Яғни, олар 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге есепке алынды. Сонымен қатар, жүріс-тұрысына шектеулер қойылып, алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды.
Айта кетейік, 2022 жылдың 8 айында «102» нөміріне отбасылық жанжалдар бойынша барлығы 300-ге жуық шақырту түскен. Алайда, мұнда түскен қоңыраулардың барлығы қылмыс деген сөз емес. Яғни, тұлғааралық қақтығыстар, отбасылық кикілжіңдер, түсініспеушіліктер де бар.
Әрбір түскен шақырту бойынша учаскелік полиция инспекторлары және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Ж.Муратбекова профилактикалық жұмыстар жүргізіп, дер кезінде заң аясында құқықтық көмек көрсетіп келеді. Ал, отбасылық келеңсіздіктен зардап шеккен әйелдер мен балалары Түркістан облыстық және Шымкент қалалық «Дағдарыс» орталығына әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмек көрсету үшін жеткізіледі.