Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
1 қараша, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістан облысында тұтынушы құқығын бұзған кәсіпкерлерге 155 мың теңгеден аса айыппұл салынды

Еліміздің сауда нарығы тауарлар мен қызмет көрсетудің жоғары сапасын талап етеді.

Түркістан облысында тұтынушы құқығын бұзған кәсіпкерлерге 155 мың теңгеден аса айыппұл салынды
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мұны тұтынушылардың шағымдары дәлелдейді. Олардың басым бөлігі бөлшек саудадағы, тұрмыстық қызмет көрсетудегі және онлайн сауда желісіндегі сапасы төмен тауарлар мен мардымсыз қызмет көрсету бойынша шағымданған, деп хабарлайды newsroom.kz.

2023 жылғы 1 қаңтар мен 30 қыркүйек аралығында Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 1187 өтінішті қарады. 1120 өтініш (94,3%) қанағаттандырылды, оның 207-сі – жазбаша өтініштер, басқа мемлекеттік органдарға қайта жолданғаны – 53 өтініш, басшылардың жеке қабылдауындағы өтініштер – 246, жедел желі – 403. Сондай-ақ 9 ай ішінде 26 сауда субъектісіне тексеріс ашылып, 33-іне бұзушылықтарды жоюға ұсыным берілді, кәсіпкерлерге 155250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Тұтынушыларға департаменттің көмегімен 30,8 млн. теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау келесі негізгі қағидаттарға сүйеніп жүзеге асырылады. Атап айтсақ, тұтынушылардың экономикалық мүдделеріне жәрдемдесу және осы мүдделерді қорғау, тұтынушылардың заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету, электрондық коммерцияда тұтынушылардың заңды мүдделерінің басқа сауда нысандарында ұсынылатын қорғау деңгейінен кем емес қорғалуын қамтамасыз ету, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысуы, тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік органдардан кәсіпкерлерге тексеріс жасауға мораторий жарияланған. Сондықтан Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындардан белсенділік күтеді. Егерде дүкен сөрелерінде тауар бағасы жазылмаған фактілерді анықтасаңыз немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуі байқалса, я болмаса сапасыз қызметті қолдансаңыз аталған департаментке сол кәсіпкерге қатысты арыз-шағым білдірсеңіз болады.

Тұтынушылардың арыз-шағымы негізінде ғана жоспардан тыс тексеру жүргізуге болады. Департаменттің тиісті телефондары: +7771 322 8282, +7700 606 0071, +7775 224 5616, +7707 347 3876. Мекен-жайы –Түркістан қаласы, Жаңа қала мөлтек ауданы, 32 көше, 16 ғимарат, А корпусы, 427 кабинет.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі