Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды полиция департаментімен бірлесіп гендерлік саясаттың принциптері туралы форум жасады.
Түркістанда «Азаматтық сектордың ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде, отбасылық және гендерлік саясаттың принциптері мен тәсілдерін жүзеге асырудағы рөлі» тақырыбында облыстық ХІ азаматтық форумы өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, полиция, құзырлы мемлекеттік органдар басшылары және жергілікті үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.
Жиын барысында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қарастырылды.
Атап айтар болсақ, бекітілген жоспарға сәйкес әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бағытындағы учаскелік инспекторлардың жұмысы, ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткіші мен қоғамдық ұйымдармен мемлекеттік тапсырыс аясында атқарылып жатқан жұмыстары туралы сөз қозғалды.
Жиында сөз алған Түркістан облыстық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының жетекшісі, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева ана мен бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Сонымен қатар форумның күн тәртібінде отбасылық және гендерлік саясат мәселелері қаралып, отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің құқықтарын қорғау сияқты маңызды мәселелердің себептері мен шешу жолдары қарастырылды. Жиын соңында Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар тиісті органдарға ұсыныстар берді.