Соның бірі «Ауыл аманаты» аясында Кентау қаласы, Қарнақ ауылында «Тажиддин ата» АӨК өз жұмысын бастады. Қала әкімі Жандос Тасов цехқа барып, жұмыс барысымен танысты. Аталған цехта құс еті өндірілмек, деп хабарлайды newsroom.kz.
– Қазіргі таңда цехқа құстың бройлер росс-308 деп аталатын түрі әкелінді. Енді оны 42 күн баптап, өсіріп, үлкендерін етке айналдырамыз. Етті әзірге Кентау мен Түркістан қаласына өткіземіз. Алдағы уақытта басын көбейтіп облысты қамту жоспарлануда, – дейді цех басшысы Алимхан Абдуғаппаров.
Жылына 50 тонна ет өндіру жоспарланған цехқа 2000 бас құс әкелініп, бапталуда. Шаруа 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта инкубациялық жұмыртқа әкелініп, құс цехы жанындағы инкубаторға жұмыртқалардың алғашқы партиясы салыну көзделуде. Жалпы жобаның құны 27 600 000 теңге.
«Тажиддин ата» АӨК құс етінен бөлек, жұмыртқа шығаруды да жоспарлап отыр.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партиясының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», деген еді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі