Оның аясында 100-ден астам қыз-келіншек іскерлік курсына қатысып келеді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Кәсіпкерлік курстарын өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ұйымдастырған. Палата өкілдері қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша конкурстар жариялап, шымкенттік бірнеше кәсіпкерлік субъектісі тапсырысты ұтып алған. Олардың арасында тігіншілік, маникюр, массаж, кондитер және СММ бағыттары бар.
Мысалы, Art School тігін академиясында бүгінде 20-дан астам қыз-келіншек оқып жатыр. Арасында жеке кәсіпкерлер де, енді өз ісін бастауды ойлап жүрген тұрғындар да бар. Тігін мектебінің тәжірибелі мамандары оларға ісмерліктің қыр-сырын үйретеді. Сабақ теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да өтеді.
«Бұл кәсіппен айналысып жатқаныма 8 жылдан асты. Алдымен отбасылық кәсіп ретінде аштым. Өзім көп балалы анамын, бесінші перзентімді босанғанда оларға киімді тек сатып ала бермей, өзім де тігіп беруді ойландым. Ондағы мақсатым – әрі қаржы үнемдеймін әрі өз қызығушылығыммен айналысамын. Осылайша басында отбасылық тігін ательесі болып ашылып, кеңейе келе адамдарды оқыту туралы ұсыныстар түсті. Бүгінге дейін 3 мыңға жуық адамды оқыттық», – дейді Art School тігін академиясының бас директоры Нулифар Сайдуллаева.
Кәсіпкерлік курсы өтіп жатқан ұйымның тағы бірі – Oliva кулинариялық студиясы. Мұнда да 20-ға жуық қыз-келіншек қатысып, дәмді тағам пісіріп, жартылай фабрикат өнімдер әзірлеуді меңгеруде.
«Кәсіпкерлер палатасында қаламыздағы қыз-келіншектердің қажеттіліктеріне байланысты оқу курстары қолға алынған. Осы курстарда жыл соңына дейін 120 қыз-келіншекті қамту жоспарланып, ол кезеңімен іске асып жатыр. Әр курста 20-дан астам қатысушы болады. Олар – жеке кәсіпкерлер немесе өз ісін ашқысы келген азаматшалар. Шектеу жоқ, курсқа ісін жаңадан бастағандар да, тәжірибелі де кәсіпкерлер қатыса алады. Оқу – тегін. Ал мерзімі курс түрлеріне байланысты. Алдағы уақытта СММ курсы басталады», – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімнің бастығы Айдана Бейсебекова.
Айта кетейік, жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы ұйымдастырған курс соңында қатысушыларға сертификат беріледі.
Айта кетсек, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, 2023 жылдан бастап «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» қаржылық емес қолдау құралы бойынша қызметтер көрсетеді. Осы орайда Нұғман Есболғанұлы Жұлдызбаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Кәсіпке бағыт» жобасының жетекшісі Нұғман Есболғанұлы Жұлдызбаев «Мен кәсіпкер» құралы кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа, сондай-ақ шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне өтеусіз негізде ұсынылатын жоба туралы айтып берген болатын.
«Мен кәсіпкер» құралы екі бағытта жүзеге асырылады:
1. «Кәсіпке бағыт» кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында құзыреттерді оқытуды және салалық (бейіндік) оқытуды қамтиды;
2. Кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдерге арналған қызметтерді қамтитын әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары.
1. «Кәсіпке бағыт» анықталған қажеттіліктер негізінде салалық (бейіндік) оқытуды ұсынуды қамтиды.
«Кәсіпке бағыт» ШОБ субъектілері үшін облыс орталықтарындағы, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанадағы өңірлік кәсіпкерлер палаталары арқылы онлайн/офлайн форматта, сондай-ақ аудан орталықтарына барып жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 24-бабына сәйкес келетін ШОБ субъектілері «Кәсіпке бағыт» салалық оқытуының қатысушылары болып табылады.
«Кәсіпке бағыт» оқытуын ұйымдастыру және өткізу анықталған қажеттіліктер негізінде салалық (бейіндік) оқытуды ұсынуды қамтиды.
Сіздер үшін мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өндірістік шағын цехтар, сервис және қызметтер бойынша салалық оқытудың 1-2 апталық тегін курстары ұйымдастырылады. Оқу аяқталған соң сертификаттар беріліп, сіздің бизнесіңізді жүргізу мен кеңейту, жаңа технологиялар енгізу, құрал-жабдықтар таңдап, сатып алуға және өнімдеріңізді тиімді қалай сатуға болатыны жөнінде жеке кеңестер беріліп, 3 айлық жеке сүйемелдеу жүргізеді.
«Кәсіпке бағыт» бағыты бойынша қатысуға өтінімдерді қабылдауды өңірлік кәсіпкерлер палаталарында менеджер-консультанттар жүзеге асырады.
2. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының қызметтері Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік қызметпен айналысатын не айналысқысы келетін 18 жастан асқан әйел азаматтарына және әйелдер кәсіпкерлігі субъектілеріне көрсетіледі.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының бағыты әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігі орталықтарының тұрақты дамуына бағытталған.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының бағыты мынадай қызмет түрлерін ұсынуды қамтиды:
1) консультациялар - бұл кеңес беру, проблемаларды анықтау (диагностика) және әйелдердің қажеттіліктеріне негізделген қызметтерге бағыттауды қамтиды;
2) кәсіптік және бизнес-оқытуды, сондай - ақ қолөнердің дәстүрлі түрлерін оқытуды ұйымдастыру - көрсетілетін қызметті алушылардың анықталған бағыттары (қажеттілігі бойынша) бойынша кәсіптік оқытуды ұйымдастыру;
3) менторлық - мұнда ментор (тәлімгер) бизнес басшысының (ментидің) құзыретіне бағалау жүргізеді және оның құзыретін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
4) қаржыландыруды (краудинвестинг, инвестициялар, гранттар, лизинг) тартуға оқыту - бұл қаржыландыру және инвестицияларды тарту мәселелері бойынша оқыту, оған - краундинвестинг, инвестициялар, гранттар, лизинг құралдарын зерттеу кіреді;
5) әйелдер кәсіпкерлігі өкілдерінің халықаралық жобаларға қатысуына жәрдемдесу жөніндегі қызметтер - бұл әйелдерді халықаралық жобалар туралы хабардар ету;
6) бизнес-шолу жүргізу - бұл бизнестің әлеуетін, оның қызметкерлерінің құзыреті мен тұрақтылығын арттыру бойынша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлерінің құзыретін арттыру үшін ұсынылатын оқыту мақсатында бизнесті бағалау;
7) «Бір ауыл – бір өнім» жобасы шеңберінде жергілікті шикізаттан жасалған өнімді жылжыту және әзірлеу жөніндегі қызметтер көрсетіледі.
«Бір ауыл – бір өнім» қызметтері өнім өндірушілерге жергілікті қоғамдастықтың әлеуетін дамыту және нығайту, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әл-ауқатының деңгейін арттыру мақсатында көрсетіледі.
«Бір ауыл – бір өнім» қызметтері мыналарды қамтиды:
- өңірлерде жергілікті шикізаттан тауарлар көрмесін өткізу және «Бір ауыл – бір өнім» жобасына тауарларды іріктеу;
- өңірдегі ОСОП жобасы бойынша жұмысты үйлестіру;
- барлық мүдделі тараптардың қатысуымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша оқыту жүргізу;
- тауар өндіру технологиясы бойынша өндірушілерді оқытуды жүргізу;
- өнімді жылжыту және өткізу саласындағы қолдау, тауар белгілерін әзірлеу;
- бренд-комитеттерді қалыптастыру;
- өндірілген жергілікті өнімді сертификаттауға қолдау көрсету;
- нарық үшін өнімді әзірлеуге қолдау көрсету, жаңа немесе инновациялық өнімді әзірлеуге тапсырыс беру, өндіріс стандартын әзірлеу.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы - ауылдық жерлерде жергілікті өнім өндірісін дамытуға бағытталған «Мен кәсіпкермін» құралының бағыттарының бірі болып табылады.