Қаншама аналар заман талабына сай өздерінің сүйікті ісін кәсіпке айналдыруда. Отбасы, бала тәрбиесі, сондай-ақ бизнесті қатар алып жүрген жандардың бірі — келестік Гүлзат Есалиева, деп хабарлайды newsroom.kz.
Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округінде дүниеге келіп, сондағы жергілікті азаматқа тұрмысқа шығып, бүгінде 5 баланы тәрбиелеп, өсіріп отыр. Гүлзат Тағайбекқызы жолдасы екеуі №40 Ғ.Мұратбаев мектебінің мұғалімі. Өз жеке қызығушылығының арқасында тігін цехын ашып, қосымша кәсібін дөңгелетуде.
-Өз ауылымыздың әлеуетен көтеріп, экономикасын дамыту мақсатында тігін цехын ашуды жоспарлап, бүгінде ойымызды іске асырдық. Жұмысқа 12 жергілікті азаматты қабылдадық. Кәсібімізді “ABDET — KZ” ЖШС-не тіркеп, бүгінде мемлекеттік портал арқылы тапсырыс қабылдаудамыз. Негізгі өніміміз – перде тауарлары. Биылғы жылдың қыркүйек айында «Қазақстанда жасалған өнім» сертификатына ие болдық, — дейді кәсіпкер Гүлзат Тағайбекқызы.
Кәсіпкер бұл бастаманы бастамас бұрын зерделеу жүргізген. Түркістан облысы мен Шымкент қалалары аумағында дәл осы кәсіппен айналысатындар болғанымен, отандық өнім өндіруші ретінде мемлекеттік порталға тіркелгендері аз болған. Жалпы өңірімізге қажеттіліген сай перде тауарларын өндіруді жолға қойған. Нәтижесінде өткен бір айдың ішінде 40 млн теңгеге тапсырыс алып үлгерген. Кәсіпкер ана алдағы уақытта жұмысшылар санын көбейтіп, арнайы жұмыс киімдері, киім-кешек, қолғап, шұлық және матрас секілді қосымша заттарды өндіруді жоспарлауда.
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі