Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
17 қазан, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Құрама жемге тапсырыс берушілер көп

Сайрам – Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы өркендеген аудандардың бірі.

Құрама жемге тапсырыс берушілер көп
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мұндағы тұрғындар мал және егін шаруашылығымен айналысады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Биыл ауданда 18,0 мың гектар жерге күздік бидай, 4,9 мың гектарға арпа, 7,7 мың гектарға майлы дақылдар, 11,9 мың гектарға мал азығы дақылдары, 5,9 мың гектарға көкөніс, 3,9 мың гектарға картоп егілді. Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан ауданға жеңілдетілген бағамен 702 тонна дизель отыны берілді.

Ағымдағы жылдың 8 айында алынған көрсеткіштерге сүйенсек, ірі қара мал басы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,4 пайызға (252,0 мың), уақ мал 103,6 пайызға (158,2 мың), жылқы  98,9 пайызға (80,5 мың), құс 100,7 пайызға (184,6 мың) көбейген. Ауданда мал басының көбеюі өз кезегінде құрама жем шығаратын кәсіпорындарға деген сұранысты арттырып отыр.

Бүгінде ауданда құрама жем шығаратын зауыттың бірі – «Oscarfeed» ЖШС. Мұнда сағатына 10 тонна жем өндіріледі. Оған арпа, бидай, жүгері секілді дәнді-дақылдармен қатар түрлі дәрумендер

пайдаланылады.

– Бізде жемнің алты түрі шығарылады. Соның ішінде өңірімізде сиырдың сүтін молайтуға, жылқы мен қойды бордақылауға арналған құрама жемдер жақсы саудаланады, – дейді зауыттың есепшісі

Х.Шазимов.

Өндіріс орнында бүгінде 20 адам жұмысқа тартылған. Олар күніне 7-8 сағатта 80 тоннаға жуық жем өндіреді. Құрама жемге еліміздің барлық облыстары мен қалаларынан тапсырыс түседі. Сонымен қатар, бұл өнім Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларына экспортталады.

Жалпы, біз айтып отырған өндіріс орнында жылына 60 мың тоннаға жуық мал азығы өндіріледі. Ал, зауыттың жобалық құны 600 млн. теңгені құрайды.

Айта кетейік, құрама жем — арнайы рецепт бойынша жасалған азықтың майдаланған дайын қоспасы. Қоспа ретінде дән, қатқыл азықтар, өсімдік және шөп ұны, техникалық, химиялық және микробиологиялық өнімдер алынады. Толық рационды құрама жем құрамында малға қажет барлық қоректік заттар бар даяр азық рационы ретінде шығарылады. Концентратты құрама жем — сусымалы біркелкі азық, малға қатқыл, шырынды азықтармен қатар қосымша азық ретінде беріледі. Үстеме құрама жем — құрамында протеин, минерал заттар және витаминдер көп, құнарлы азық. Рацион құрамын теңестіру үшін пайдаланылады. Премикстер — биологиялық белсенді заттардың байытылған қоспасы. Премикстерді құрам жемнің құнарлылығын арттыру үшін және олардың мал организміне биологиялық әсерін күшейту үшін пайдаланады. Құрама жемді азық ұны, балық ұны, жарма, түйіршік, брикет, ұнтақ түрінде өндіреді. Минерал заттар мен витаминдер жағынан теңестіру үшін рационға (оның салмағының 1—5%-ы) қосып беріледі.