Абай облысы Аягөз қаласындағы үйлердің бірінде газ балоны жарылып, бір отбасының 4 баласы қайтыс болды. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік парақшасында жазды, деп хабарлайды newsroom.kz.
«Газ балоны жарылып, бір үйден 4 бүлдіршін көз жұмды. Баланың үлкені 8 жаста, кішісі енді тәй-тәй басқан. Бұл отбасын жақсы білетін Аягөздік оқырмандарымның айтуынша, балалардың әкесі сантехник, анасы жұмыссыз. Аудандық басшылар табысың көп деп мемлекеттен алып отырған АӘК кесіп тастапты. Қайран шеше 4 балаға нәпақа болсын деп сүт сатуға үйден шығып кеткен екен. Базарға жүгіріп барып келгенде құлыншақтарының орнын сипап қалды», - деп жазды журналист.
Журналист жазбасында қайғылы қаза 25 қазан күні таңертең болғанын айтқан.
«Көз алдындағы баладан әп сәтте айырылу деген қандай қиын… ешкімнің басына бермесін. Ананың декреттік уақытын балаға көңіл бөлу орнына нан табуға жүгіртіп қойған қу жоқшылық-ай. Барша оқырманым атынан Аякөз жұртына, қайғы жамылған ата-анаға көңіл айтамын», - дейді ол.
Гүлмира Абыкбайдың айтуынша, жергілікті әкімдік бұл істі жасыруға тырысқан көрінеді.
«4 баланың өлімі жайлы жазған жергілікті блогерлерді қудалап, жазбасын өшіртуін қалай түсінеміз? Бәлкім енді бұл отбасына табиғи газбен жылитын үй берілетін шығар? Бірақ 4 періштенің әке-шешесін ешкім және ештеңе жылыта да, жұбата да алмайды.
4 періштенің жаназасы 26 қазанда Аягөз орталық мешітінде өтеді», - дейді Гүлмира Әбіқай.