Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
18 қазан, 2023 / Рысжан Амантай / Әлем

Өзбекстанға танымал брендтердің келу себебі неде?

Сарапшылар Орталық Азия көшбасшысына Өзбекстанды лайық деп тануда

Өзбекстанға танымал брендтердің келу себебі неде?
Фото: newsroom.kz

Күні кеше Орталық Азия елдерінің басшылары Қытайға барды. 
Оның алдында Германияға, одан алдын АҚШ-қа ат басын тіреген діні бір, тілдері бөлек бес ел Әлем назарын өзіне аударып тұрғандай. Қазба байлықтың арқасында осыған дейін Қазақстан Орталық Азия көшбасшысы деген атаққа малданып келдік. Барыс болдық, 2030, 2050 жоспарларына ұмтылдық. Дамыған 30 елдің қатарына да барып-қайттық. 

Кешегі кездесулерден соң сарапшылар Орталық Азия көшбасшысына Өзбекстанды лайық деп тануда. Тіпті, сарапшы Фикрет Шабанов өзбек президентін Джордж Вашингтонға теңеген. Осы орайда, көрші елдің даму құпиясы мен инвесторларға жайлылығы жайында отандық сарапшының пікіріне жүгінген едік. Өзбекстанда белгілі брендтердің өз фабрикаларын ашқанын бәріміз естіп, біліп отырмыз. Олар өз өнімдерін Қазақстанға да сатпақшы деп жазды Мемлекеттік басқару саласының маманы Руслан Ергешбай newsroom.kz порталына жіберген сараптамалық мақаласында.

Оның жазуынша, кезінде, сол фирмалардың Өзбекстанға келетіні туралы ақпаратты Президентімізге жеткізген екен. 
Сол кезде мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мырза, естуімізше, қатты ұрысып, Үкіметке сын айтқан болатын. Олар неге бізге келмейді, Өзбекстанға барады деп. «Оның себептері көп. Иә, ең алдымен оларға барлық жағдай жасалып отыр. Негізі Өзбекстанда ірі бір жоба қолға алынса, Президент оған жауапты қылып үкімет басшысының бір орынбасарын тағайындайды. 

Сол вице-премьер жаңағы жоба толықтай іске қосылғанша соның басында түнейді. Иә, түнейді. Есінізде болар, президенттің ескертуінен кейін қыстақтарға жол тартылып, үйлері ретке келтіргенге дейін, облыс хокимдері сол жерге көшіп барып, уақытша үйлерде, вагондарда тұрған. Тіпті, президент Мирзиеев министрлерге: «Дүйсенбі-жұма аралығында Ташкентте жүргендерінді көрсем, жұмыстан қуамын. Ташкентке тек демалыс күндері келесіндер, мен сол кезде сендерді жинаймын» деп айтқан.

Одан бөлек, Өзбекстанға инвесторлар қорықпай келеді. Өйткені, жауап беретін адам бар. Егер қандайда бір кінарат табылса, жауапты шенеуніктің «басы кетеді». Елінің мүддесі ең басты орында тұрады. 
Ал бізде ше, ешкім ештеңеге жауап бермейді. Бәріне президент жауапты сияқты – дейді сарапшы.


«Екінші, ол жұмыс қолы. Егер жаңағы фирмалар Қазақстанда ашып жатса, дәл қазір бізде тігінші табу қиын. Мен сол Өзбекстанда жүргенде, шымкенттік бір кәсіпкер, «киім тігетін цехым бар, соны үлкейтпекшімін, соған елу тігінші тауып берсеңіздер» деп өтініш білдірді. Жалақысы жақсы, сырттан келгендерге жататын орын, тегін тамақ, жол пұлын төлейді. Сонда біз «ау, Қазақстанда тігінші қалмаған ба?» деп таң қалдық. Бірақ, Өзбекстаннан да таба алмадық. Өйткені, өздерінде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, өте жақсы жалақы беріліп, ешқайда барғылары келмей қалды. Шынын айту керек соңғы төрт-бес жылда Өзбекстанда кәсіпкерліктің дамуы өте жоғары қарқын көрсетуде» - екен. 

 

...Жалғасы бар...