Бұл туралы newsroom.kz порталы хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Қазақстанда діни киімдерді киюге шектеулер енгізу мәселесі туралы мәлімдемесі - желі қолданушыларының қызу талқысына айналған еді. Осы тұста әлеуметтік желілерде түрлі челлендждер басталып, наразылық тудыратын жазбалар тарады. Іріткі салатын бейнежазба авторларына Нұрлан имам өз парақшасында тоқтау салды.
"Менің де көзім шалып қалып жатыр. Орамалдағыларды қара киімге, қара киімдегілерді никабқа айдап салып, елдің ортасына іріткі салған балалар, қыздар, үлкендер, кішілер Алла Тағаланың алдында дау-дамай ұйқыдағы нәрсе. Соны оятқан адамға, елдің ішіне іріткі салған адамға Алланың қарғысы болсын деп Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқан. Ешкім сіздің орамалыңызды басыңыздан шешпейді. Қазақ халқының басында жаулығы, орамалы болған. Үстінде камзолы, бешпеті, аталарымыздың аяғында мәсісі, басында тақиясы болған. Сондықтан ардақтылар, бетіндегі қара бүркеніш, хиджаб қазақта болмаған. Қазақта орамал қолданған. Соны түсініңіздер, бір нәрсені екіншіге қайрап салудың керегі жоқ,- деді имам.
Ел азаматтарының амандығы маңызды деген имам, өз сөзінде жастарды татулыққа шақырды:
"Мына, мен соғысқа шығып кетем дейтін кішкентай жас балалар, қыздарға айтарым: сенің өмір сүргенің маңызды, оқығаның, азамат болғаның маңызды. Мұсылмандықпен жүргенің маңыздырақ, өліп қалғаның маңызды емес. Онсызда маңайымыздың бәрі соғыс, быт-шыт болып жатқанда бізге тыныштық керек. Бізге ел азаматтарының амандығы керек, сондықтан бүйректен сирақ шығармай тыныш отырғанымыз жақсы. Тағы айтатын мәселе, қазақ халқы бетін бүркемеген. Егер түгел бүркегің келсе, каска киіп үйіңде солай отырғаның абзал. Аллах Тағаланың алдында тақуалық бетін жабумен өлшенбейді. Сондықтан айналайындар орамал тақ, намазыңды оқы. Бірақ соған лайықты мінезің, сөзің, әрекетің, қимылың болсын. Тек жүрсең тоқ жүресің, айналып көп жүресің"- деді Нұрлан имам әлеуметтік парақшасындағы бейнежазбада.