Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Асланбекті әділетсіз жеңілдіріпті: Аслан Қаженов оқиға орнынан былай деді

Спорт журналисі, ақын Аслан Қаженов боксшы Асланбек Шымбергенов пен жапониялық боксшы Севон Окадзава арасындағы жекпе-жек нәтижесіне наразылығын Newsroom.kz тілшісіне берген сұхбатында білдірді.

Асланбекті әділетсіз жеңілдіріпті: Аслан Қаженов оқиға орнынан былай деді
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Бұл туралы Newsroom.kz тілшісі хабарлайды.

“Жаңа ғана жекпе-жек аяқталды. Қанымыз басымызға шауып, эмоциямызды басқару қиын болып тұр. Тірідей залдан жекпе-жекті көрдік. Теледидар ар жағынан миллиондаған ел көрді. Бәрінің көргенін төреші неге көрмейді? Әзірбайжанның мына бір төрешісі үнемі қазақстандықтарға төмен ұпай береді. Жекпе-жек аяқталды, бәрі тарқасып кетті. Соған менің ашуым келіп тұр. Неге біз қарсылық білдірмейміз, неге мінез көрсетпейміз? Мынау Азияның құрлықтық деңгейіндегі жарысы. Мейлі шеттетсін, мейлі басқасы болсын әйтеуір қарсылығымызды көрсетуіміз керек. Миллиондаган ел отыр ғой, бізде қандай жігіттер бар екенін көрсін. Тірі өлік емес екенімізді білсін! Шыныменде рингте тірілей қорлап, өлтіріп отыр. Иордания боксшысы жапондық боксшыға жеңілгенде кетпей қойды емес пе?!  Боксшы да бапкер де 5-10 минуттай кетпеді. Дзюдодан моңғол палуаны да нәтижемен келіспей кілемнен кетпей қойды. Кемі сондай қарсылық болуы керек. Өз ұсынысым - қалған боксшыларымызды қолды бір сілтеп, алып кету керек.”

Азиада ойындарының басы қасында жүрген журналист отандық бокс жақтаушылары да бұл нәтижемен келіспей, арнайы хат дайындап жатқанын жеткізді.

“Отандық бокс жақтаушылары қарсылық хатын дайындап жатыр. Өз талаптары бойынша әрекеттер жасайды. Көреміз, күтеміз, әліптің артын бағамыз. Бір емес, екі емес, қайта-қайта әділетсіздік жасау деген сұмдық қой”- деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейін салмақта 2021 жылғы әлем чемпионы, жапониялық Севон Окадзавамен жұдырықтасып, отандасымыз төрешілер шешімімен қарсыласынан жеңілген еді.