Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Ең әділетсіз шешімі: Рақышев Асланбекке қолдау білдірді

ҚБФ президенті Кеңес Рақышев Асланбек Шымбергеновке жасалған әділетсіздік туралы айтты.

Ең әділетсіз шешімі: Рақышев Асланбекке қолдау білдірді
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Еске салайық, Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов жапониялық Севон Окадзавамен жұдырықтасып төрешілер шешімімен қарсыласына жол берген еді.

Доданың бірінші және екінші кезеңінде бес төрешінің үшеуі Асланбек басым дегенмен, төрешілер жекпе-жек қорытындысында жеңісті жапониялық боксшыға беріп жіберді.

Осы оқиғаға туралы,  ҚБФ президенті Кеңес Рақышев әлеуметтік парақшасында мәлімдеме жасады.

“Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтың жартылай финалдық кездесуінде төрешілердің аса әділетсіз шешіміне қатысты өрескел оқиға орын алды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басымырақ болды. Бірақ олар Шымбергеновтың қарсыласының қолын көтерді...

Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке қатысты әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті. 

Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді. Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшыларға «қызыл кілем» төселді...

ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылықтар мен шағымдарды беруге болмайды. Қазақстан - бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды.

Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай фактілер капитанымызды сындырмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін, және ол бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан Туын биікте желбіретеді деп ойлаймын!”- деді ҚБФ президенті.