Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Сүйінші! Азиада ойындарындағы 4-ші алтын!

Қазақстанның ерлер командасы байдарка мен каноэ есуден алтын алды.

Сүйінші! Азиада ойындарындағы 4-ші алтын!
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Спорттың бұл түрі Қазақстан үшін бүгін жүлдеге толы болды,-деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасының мүшелері Тимур Хайдаров пен Сергей Емельянов жұбы 500 метрге каноэде есуден алтын медальді еншіледі. Оларға жеңіс сыйлаған уақыт 1:49.01.

Біздің ескекшілер Жапония құрамасынан (1:49.237) және Ираннан келген жұптан (1:50.486) озып кетті.

Бұл Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына түскен төртінші алтын медаль.

"Тимур мен Сергейді жеңісімен құттықтаймын! Күрес қиын болды, бірақ біздің ескекшілер бәсекелестерден озып үлгерді. Команданың жаттықтырушылар штабына ерекше алғыс айтамын. Ел сіздерді мақтан тұтады!"- деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Айта кетейік, дәл осы спорт түрінен бүгін WC2 500 м бағдарламасында өнер көрсеткен отандастарымыз Мария Бровкова мен Руфина Искакова және WK2 500 м бағдарламасында сыналған Ольга Шмелова мен Ирина Подойникова күміс медальді қанжығаласа, МК1 1000 м дисциплинасында бақ сынаған Кирилл Тубаев пен Тимофей Емельянов қола жүлдені иемденіп, үздік үштікті түйіндеді.

Бұл жеңістің арқасында Қазақстан 13-ші орыннан үздік ондыққа ілікті. Қазір ел қоржынында 4 алтын, 7 күміс, 25 қола бар.