Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Сайрамда манго, авокадо өсірілмек

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданындағы кәсіпорындар мен өндіріс орындарының жұмысымен танысты.

Сайрамда манго, авокадо өсірілмек
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Еліміздегі мол көлемде банан өндіретін алғашқы кәсіпорын Сайрам ауданында орналасқан, - деп хабарлайды Newsroom.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түріктің «Gen group Qazaqstan» компаниясы  5,3 га жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Өсірілетін банан сорты арнайы Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген көрінеді. Алғашқы өнімді 6 айдан кейін жинау жоспарлануда. 

Кәсіпорын басшысы Тимур Утешов алдағы уақытта манго, авокадо сынды жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Экзотикалық жемістерден басқа, жылыжайда қызанақ пен құлпынай өсіріледі. Жобаның бірінші кезеңдегі құны 4 млн АҚШ долларын құрайды. Құрылыс сапасы жоғары, жылыжайлар климаттық бақылау мен бейімделгіш қоректендіру жүйесімен жабдықталған. 

Қазақстанда баламасы жоқ кәсіпорын жақын арада жылыжай жерін 5 гектарға кеңейтпек ойы бар. Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан жылыжай жылына шамамен 1000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін 1% қамтамасыз етіп отыр. 

Бұдан бөлек, Түркістан облысы әкімі ауданға жұмыс сапары аясында Қасымбек Датқа елді мекенінде орналасқан аудандағы «Шымыр-Медет» лимон жылыжайында болды. Онда жалпы көлемі 1 га. жерде 2000 түп лимон көшеті отырғызылған. Жылына 80 млн. лимон өнім беретін көрінеді. Бұл лимонарии облыс аумағындағы ең үлкен жылыжай болып саналады.    

Дархан Сатыбалды егістікті әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті. 

– Егістікті әртараптандыру, баланс ұстау аса маңызды. Біз жыл сайын тек бір дақылдарды екпеуіміз керек. Нарыққа назар аударып, жоғары сұранысқа ие дүниелерді бақылаған жөн. Өзімізді барлық қажетті өнімдермен қамтамасыз ету және сол арқылы бағаны тұрақтандыру үшін аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі саласына барынша қамқорлық таныту қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Сапар барысында Түркістан облысы әкімі, «Mangystau Oil Refeining» мұнай өнімдерін өңдеу зауытымен,  Сайрам ауданындағы құрама, жем шығаратын зауыт жұмысымен және Сайрам ауданында орналасатын индустриалды аймақпен танысты.