Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Құрлық әскерлерінің әскери институтында болып, болашақ офицерлер туралы телехикаяның түсірілім барысымен танысты, деп newsroom.kz хабарлайды ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Министрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сериал Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған.
Бір апта бұрын басталған түсірілім екі айға созылады. Фильм 42 минуттық, 20 сериядан тұрады. Оқу орнында Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов шығармашылық ұжыммен кездесті.
Сериал Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен түсіріліп жатыр.
Кинокартинадағы қимылдар Құрлық әскерлері әскери институтының қабырғасында өтеді. Сюжетте көбіне офицер болуды армандайтын курсанттарды көреміз. Әскери адамдардың өміріне арналған көптеген фильмдер сияқты мұнда да абырой, парыз, жауапкершілік сезімі және Отанға деген сүйіспеншілік сияқты маңызды тақырыптар қозғалады. Әрине махаббат хикаяларын да айналып өтпейді, - делінген ведомство мәліметінде.
Бұл офицер кадрларды даярлайтын әскери оқу орнының курсанттары туралы еліміздегі алғашқы сериал болмақ.
Қорғаныс ведомствосының басшысы дәстүр бойынша түсірілім тобымен бірге табақша сындырып, тілегін білдірді.
Армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 50 жылдан астам тарихы бар. Әскери институт осы жылдар ішінде мыңдаған офицер кадрларды дайындап шығарды. Оның алғашқы түлектерінің қатарында Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев бар. Қорғаныс министрі де осы әскери оқу орнының түлегі екенін айта кетейік.