90 жасқа толған Ә.Тарази естелігі

90 жасқа толған Ә.Тарази естелігі

ашық дереккөзі

  Мәскеуге оқуға бардым. Үш айлық оқу. Бір апта өткенде ақша таусылды. Менің есіме Қалихан Ысқақ түседі ең алдымен. Қалиханға хат жаздым. Солай да солай, қымбатты досым. Ақша таусылды. Бар үмітім өзіңде. "Үшбу хатымның" маңдайына "авиа" деп жазып, ұшақпен жібердім Алматыға. Төрт күн өтті, алты күн өтті, он күн өтті, хабар жоқ. Сосын отыра қалып Қалиханға жан-сырымды ақтарып салайын: "Уа Қалаға, жалғыз достым!" – деймін. – Менің хатыма жауап қайда? Жарайды, жауап жазбасаң жазбай-ақ қой, ақша жібермесең жібермей-ақ қой, саған ерегіскенде мен осында, орыстың Переделкино деген деревнясында аштан өлейін! Саған керегі сол ма? Қазақтың бір жас жазушысы аштан өліпті десе, әй, оның достары кім екен, неужели көмектеспеді екен демей ме жұрт? Дейді. Ұяты кімге келеді, маған ба? Жоқ, саған келеді, достым. Жарайды, сен үшін ұят деген сөздің мағынасы онша емес шығар. Бірақ, өзің ойлашы, өлсем осы Мәскеуге келіп, менің сүйегімді алып кететін кім? Әрине, сен! Жұрт біледі, ең жақын досым сен. Қаласаң да, қаламасаң да Мәскеуге сен келесің. Және жалғыз келмейсің. Мәйіт салған табытты көтеруге кемінде үш жігіт ерте келесің. Келер жолдың құны 54 сомнан 216 сом. Бір деп қой. Қайтар жолың 216 сом. 432 сом. Хо-о-о-ш. Екі деп қой. Мырыш табыттың құны, кеше білдім 550 сом екен. 982 сом. Үш деп қой. Мырыш табытты Переделкинодан Мәскеуге жеткізесің, Мәскеуден аэропортқа жеткізесің, кеше білдім 200 сом екен. Қос 982-ге. 1182 ме? Енді, төртеуіңнің төрт күнгі тамағыңа 100 сомды бөлек салып қой. Мырыш табытты ұшқыштар ұшаққа алмай қырсығады екен. Міндетті түрде пара бересің, кеше оны да біліп келдім. Параға 400 сом кетеді екен. Қос 400-ді, 1582 ме? Енді, Алматының аэропортынан үйге дейін мырыш табытты жеткізу кемінде 200 сом. Өзің білесің, анау қатынға мен керек емеспін... Біздің үйде ақша да тақыл-тұқыл. Ендеше, менің асымды сен ұйымдастырасың, жетімді, қырқымды сен бересің. Сонымен қанша болды? 1982 сом!!! Ал, Қалихан достым, мен айтарымды айттым. Ар жағын өзің біл. Маған 200 сом телеграфпен жіберіп, оңай құтыласың ба, жоқ әлде 1982 сомға белшеңнен батып шығынданасың ба, ол мәселені өзің шеш!" Екі күн өткенде телеграфпен 200 сом сарт ете қалды. Дереккөз: Шынның жүзі парақшасы Әсет Ақмолда

Жүктелуде...