Жолдауда біраз маңызды мәселе көтерілді, деп хабарлайды
newsroom.kz.
Соның ішінде атом электр станциясын салуға қатысты. Ұлттық құрылтай өткізіліп, азаматтардың пікірі ескерілетін болды. Қазірдің өзінде жеке азаматтарды былай қойғанда, депутаттардың өздерінің пікірі екіге жарылады. Бірі қолдайды, бірі қарсы деген сияқты. Сондықтан да бұл өте маңызды. Бүкіл халық қатысып, өзінің пікірін айтып, елдің шешімімен қабылдануы керек.
Шыны керек, елімізге қатысты дамыған елдердің, соның ішінде кейін қауіпсіздік мағынасында қандай да бір қауіп тудырмайтын ел салуы керек. Оны қазір болжап айту қиын. Өз басым референдумда АЭС құрылысын қай мемлекет жүзеге асыруы керек деген екінші сұрақ болғаны жөн деп есептеймін.
Мен тек қана өзімнің депутат ретінде бір ғана ұстанымым бар. Франция сияқты бейтарап және дамыған елдер салса екен деген.
Жолдауда айтылған келесі мәселе – Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы.
Бірқатары білетін шығар, адвокаттық қызметімде Ислам Әбішев деген 10 жыл су ресурстары комитетін басқарған азаматты қорғаған болатынмын. Сол кезде су шаруашылығына байланысты көптеген проблемамен бетпе-бет келдім. Ол кісінің айтқан бір сөзі есімде қалған. Ислам Әбішев су ресурстары комитетін басқарып тұрған кезінде Өзбекстанда заңсыз су қоймасы салынып жатыр, заңсыз болатын себебі көрші елдер су қоймасын салған кезде міндетті түрде шекаралас екінші мемлекеттің келісімін алынуы керек деп дабыл қағып, Үкіметке жазады. Сөйтіп айналып келгенде бұл мәселені шешу комитет төрағасы ретінде өзіне келгенін айтқан болатын. Өз алдына министрлік болып құрылуы керек дегенді ең алғаш рет су саласының маманы Ислам Әбішевтен осыдан 3-4 жыл бұрын естіген едім.
Бұдан басқа "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның сапасына кәсіпкерлер де, оны өткізетін мемлекеттік қызметшілер де риза емес. Дәл қазіргі күйінде "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң – мемлекет экономикасын кері тартатын заң.