Таңнан кешке дейін ыстық пеші бір сөнбейтін ас бөлмесіндегі аспаздардың еңбегін ерлікке балауға болатындай. Олар мейрамханаға келген әрбір қонақтың асқазанын ғана емес, көңілінің де тоқ болуына тікелей жауапты. Бүгін El.kz ақпараттық агенттігінің «Еңбек адамы» айдарының кезекті кейіпкерін іздеп Астанадағы мейрамханалардың біріне бас сұқтық, деп хабарлайды newsroom.kz.
Мұндағы мақсат - бас аспаз, өз ісінің нағыз маманы Мадина Ермекбаеваның жұмысымен жақынырақ танысу.
Оның мейрамханаларда ас әзірлеп жүргеніне 7 жылдан асқан.
Кейіпкеріміз Мадина Ермекбаеваның негізгі мамандығы аудармашы. Алайда ерте тұрмыс құрғандықтан, мансаптық жолын аспаздың көмекшісі болып бастаған.
Өзімнің тамақ әзірлеуге деген қызығушылығым жоғары болды. Әрине, алғаш жұмысқа орналасқан кездері біраз қиындықтар болды. Бірақ жақындарым қолдау көрсете білді. Үйде балаларымды енем тәрбиелеп отырса, жолдасым жұмыстан кеш шығатыныма түсіністікпен қарады. Содан бергі 7 жылдың ішінде біраз тәжірибе жинақтадым. Бүгінде қызығушылықпен бастаған жұмысым сүйікті ісіме, табыс көзіме айналып отыр, - дейді ол.
Мадина Ермекбаева бүгін түскі 13:00-де басталатын «Сүндет той» мерекесіне дайындалу үшін таңғы сағат 07:00-ден бері ас әзірлеп жүр. Біз мейрамханаға сағат 11-12 шамасында келдік. Өзі бас аспаз болса да тағамның барлық түрін жүгіріп жүріп әзірлеп жүрген Мадинаның жұмысына таңғалдық.
Таңғы сағат 06:00-де тұра салысымен мейрамханаға жол тарттым. Келе сала етті той иелерінен қабылдап алып, оны қазанға мүшелеп салып қойып, сосын салқын тіскебасар тамақтарды әзірледім. Бүгін 100 адамға арналған 8 үстелге ас әзірлейтін боламыз. Бәрін қонақтардың көңілінен шығатындай етіп істеуге, бәрін қадағалап, өз назарымда ұстауға бар күшімді салып жатырмын, - дейді Мадина.
Әйелдердің аспаз болып жұмыс істеуінің қиын жағы ауыр-ауыр заттарды көтеруге тура келетіндігінде дейді кейіпкеріміз. Себебі бірнеше адамға арнап жасалып жатқан үлкен қазандағы тамақты пешке көтеріп қою, оны түсіру әйелге айтарлықтай салмақ салатыны анық.
Аспаз болу үшін адам бірінші кезекте өзінің жұмысын жақсы көруі керек. Әйтпесе ол мұндай жұмысқа бір күн де шыдай алмас еді деп ойлаймын. Себебі біз күні бойы аяққа нық тұрып, аянбай қызмет етеміз. Көбіне таңғы, түскі асты отырып ішуге уақытымызды да бөле алмай жататын кездер болады. Тамағымызды жұмысымызды істеп жүріп жей береміз, - дейді аспаз.
Сондай-ақ кейіпкеріміз аспаздың бойынан жауапкершілік, шыдамдылық қасиеттері табылуы қажет деп есептейді. Себебі кейде той иелерінің сөздерін де көтеруге мәжбүр болатын жағдайлар да болып жатады дейді.
Мадина Ермекбаева 50-60 адамнан 400 адамға дейін арналған қонақтарға ас әзірлейді. Бүгінгі тойға 100 адам келетін болғандықтан, ол қасына көмекші ретінде аспаз Ақжарқын Бекетованы шақырған.
Мадинамен бірге жұмыс істеп жүргенімізге 2 жылдан астам уақыт өтті. Әріптесім өте көңілді, еңбекқор жан. Маған Мадинамен жұмыс істеген ұнайды. Біз бір-біріміздің сөзімізді көтере білеміз, - дейді бас аспаздың көмекшісі.
Ақжарқын ханым бүгінгі өтіп жатқан тойда балаларға арналған тамақтарды әзірледі.
Біздің жұмыста «сен ананы, мен мынаны істеймін» деп ешкім бір-біріне шаруаны жүктемейді. Қайсымыздың қолымыз бол болса, сол адам істелмеген жұмысқа кірісе береді. Бүгінге мен әзірше балаларға арналған фри, наггетсы, мантыны әзірлеп жатырмын, - деді ол.
Бас аспаздың нақты бір белгіленген жұмыс режимі жоқ. Себебі Мадинаны тойға әртүрлі уақытқа шақыруы мүмкін. Ал мереке болмайтын күндері тапсырыс қабылдаумен, аспаздарға арналған онлайн курс өткізумен айналысады.
Менің әр күнім әрқалай өтеді. Мысалы бүгін «Сүндет тойдан» кейін кешкі 21:00-ге қарай қайтуым мүмкін. Себебі ертең болатын ешқандай той жоқ. Ал ертең де бір мереке ұйымдастырылған болса, алдын ала дайындық жасап, түнгі 00:00-03:00-ге дейін қалуыма тура келетін еді, - дейді.
Бас аспаздың міндетіне тек тамақ әзірлеу ғана кірмейді. Ол әр қызметкерінің жұмысын қадағалап, келген қонақтардың көңілін табу үшін барынша күш жұмсайды. Жұмыс күні аяқталған соң өзі пайдаланған газ плитасын, тоңазытқышты жуып, ас үйді тазалап кетеді. Аспаздың бір күні осылайша ас үйде жүріп адамдардың жағдайын жасаумен өтеді. Сондықтанда олардың жасап жатқан еңбегін бағалай білу қажет.