Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды. Заң жобасы 2028 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуға болжам негізінде әзірленген
Бюджет параметрлері кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығын ескере отырып, бюджет заңнамасында белгіленген қағидаларға сәйкес орындалды. 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге болады деп болжанып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферттер тартылады, – деді Қаржы министрі Үкіметтің отырысында.
Оның айтуынша, қаражат әлеуметтік және маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады: жол, жылу, газ, сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, «Жайлы мектеп» және «Ауыл денсаулығын жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысандар құрылысы да бар.
2024 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде болжанады, ал 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3% дейін төмендейді.
«Келесі жылы бюджет шығыстары биылға қарағанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, 24 трлн теңге болады. Бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі. Яғни жалпы шығыстардың 41% құрайды. Келесі жылы оған бөлінетін қаражат биылмен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайып, 9,9 трлн теңге болады», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Сондай-ақ министр бюджет шығыны неге артқанын түсіндірді.
«Зейнетақы, жәрдемақы, стипендия секілді әлеуметтік төлемдерді: индекстеу; әйелдер үшін зейнеткерлік жасты 61 жас деңгейінде қалдыру; бала күтімі бойынша кезеңді 1,5 жасқа дейін ұлғайту; гранттар саны мен стипендияны арттыру; азаматтық қызметшілерге, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогтеріне еңбекақы төлеуді ұлғайту; халық саны мен науқастар санының ұлғаюын ескеріп, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту жоспарланған», – деді ол.
2024 жылға экономиканың нақты секторын қолдауға 2,8 трлн теңге көзделген. Мұнда өңдеу өнеркәсібін дамыту; өңірлерде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру; кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау; көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру; «Ауыл аманаты» жобасын және Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңінен қолдану үшін ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға халыққа микрокредит беруге басымдық беріледі.
Күш құрылымдарының шығыстары 2,6 трлн теңге болады деп жоспарланып отыр.
Оның ішінде ең бастысы төмендегідей:
- Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру;
- Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы; азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне, әскери қызметшілердің кейбір санаттары мен ЖОО оқытушыларының еңбекақысын арттыру;
- Ішкі істер органдарын қосымша материалдық-техникалық жарақтандыру;
- Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- Құқықтық тәртіпті қорғау және ішкі тұрақтылықты сақтау жөніндегі іс-шаралар толық көлемде іске асыру.
Үкімет мүшелері заң жобаларына дауыс беріп, бірауыздан мақұлдады. Енді заң жобасы Парламентке жіберіледі.