Дінге келдім деп спорттан кетіп қалады Нұрлан имам Астанада не айтты?

Дінге келдім деп спорттан кетіп қалады Нұрлан имам Астанада не айтты?

ашық дереккөзі

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері арасында «Дін және спорт» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы. Аталмыш шараға спикер ретінде арнайы шақырылған Ырыскелі қажы мешітінің бас имамы, теолог, белгілі дінтанушы және жұртшылық арасына ТикТок әлеуметтік желісі арқылы танылған Нұрлан Байжігітұлы қатысыпты.  width= «Қазіргі таңда Астана қалалық діндерді зерттеу орталығында 15-ке жуық дінтанушы, теолог маман жұмыс істейді. Мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде діни экстремизмнің алдын алу және оған қарсы тұру тұрғысынан үзбей үгіт-насихат жүргізіп келеді. Бұл шара осындай мақсатта ұйымдастырылып отыр. Жалпы ақыл мен қайрат, мәдениет пен білім ұштасқанда ғана адам тура жолдан азбайды», – деп атап өтті алдымен сөз алған Астана қалалық діндерді зерттеу орталығының теологы Исатай Бердалиев. Спортшылардың дін мен кәсіп арасындағы байланысты қалай үйлесімді бір жайлы ету, сондай-ақ мемлекет, ел алдындағы міндетін аброймен ада ету барысындағы құлшыныс пен құлшылық арасындағы мәселелерді қалай шешу керектігі жөнінде келелі кеңес беріп, дұрыс жол нұсқау мақсатында өткізілген бұл шараға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қатысқан.  width= Дін мен спорттың байланысынан бастап сөз қозғаған Нұрлан имам спортшылардың жүрегінде жеке құлшылықтан ел мен жердің аманаты, сенімі қашанда биік тұруы керек екенін атап өтіпті. «Дін мен спорт бір-біріне қайшы емес, бір-бірін шектемейді. Керісінше бір-біріне жағымды жақтан ықпал етеді. Спортқа көбінде рухы күшті, өз алдына берік мақсат қойған адамдар келеді, құлшылық та солай, ол да адамдардан берік мақсатты талап етеді. Біздің кейбір азаматтарымыз мен дінге келдім деп спорттан кетіп қалады немесе әнұранға құрмет қылмайтын, әнұран орындалғанда орнынан тұрмайтын жағдай да төбе көрсете бастады. Бұл дұрыс емес. Ораза ұстадым деп жаттығуды тоқтатып, мемлекеттің, елдің өзіне жүктеген сенімін екінші орынға сырып қоятын спортшылар да бар. Бұл дұрыс емес, олардың бұл әрекеті дінді жағымсыз етіп көрсетіп жатыр. Сондықтан мұндай мәселелерге келгенде өте абайлаған дұрыс болады», – деді Нұрлан имам. Еркін форматта өткен кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер жөнінде баспасөз мәслихатының спикерлеріне сұрақтарын қойып, жауап алды.

Жүктелуде...