Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында IT саласының мамандарымен кездескенін мәлім еткен. Бұл туралы елорда әкімдігінің
ресми сайтына сілтеме жасаған
newsroom.kz порталының тілшісі хабарлайды.
«Цифрлық технологиялар бүгінде күнделікті өмірімізді жайлы ететін инфрақұрылымның ажырамас бөлігі болып саналады. Қалалық орта дамуы үшін инновацияның ізімен жүруі керек. Pitch Day іс-шарасына қатысушылар денсаулық сақтау, білім беру, ТКШ салаларын ары қарай цифрландыруға бағытталған, сол сияқты қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз ететін он IT жобаны таныстырды. Біз үшін мұндай алаңдар инновациялық идеялар мен ұсыныстар талқыланатын орын ғана емес әрі жобалар қолдау табатын және іске асырылатын орын. Осыған дейін қала бірқатар жобаға, оның ішінде «Қолжетімді аула» бойынша, сондай-ақ білім беру, медицина және т.б. салаларда қолдау көрсеткен болатын» деген оның жазбасы желіде қызу талқыланды.
Айта кететін жайт, дәл осы инновация және цифрландыру мәселесі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың былтырғы жылғы Жолдауында көтерілген басты мәселенің бірі болған.
«Ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасалады. Мемлекет оларға елімізде тұрақты тұру үшін виза береді. Шетел кәсіпкерлері он жылға виза рәсімдеп, Қазақстанда тұруға мүмкіндік алады» деген президент Жолдауынан соң бұл салаға әкімдердің назар аудара бастауы құптарлық іс.
Қазіргі уақытта елімізден білікті мамандардың шетелдерге кетіп жатқаны жасырын емес. Көптеген талантты жастар әлемдік алпауыт компанияларда жұмыс істеп жатыр.
Сондықтан ба, елорда әкімі Ж.Қасымбек әлеуметтік желідегі жазбасында: «Ұсынылған жобаларды егжей-тегжейлі зерттейміз. Сондай-ақ Pitch Day қатысушыларымен бірлесіп, қалалық қызметтеріміздің жұмысын жүйелендіруге және оңтайландыруға мүмкіндік беретін жобалар құру бойынша жұмыс істейміз» деп жазған.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы өзінің былтырғы Жолдауында «Инновация енгізу үшін тиімді ынталандыру шараларын әзірлеген жөн» деп айтқан болатын. Осы орайда, алдағы келе жатқан қазан айында Астанада инновация мен технология маманы
Вивек Вадхваның шеберлік сабағы өтетінін қосымша айта кеткіміз келеді.
«Бірегей инновациялық идеялары мен жобалары бар IT-мамандар, біздің профильді басқармамыздың форумдарының қатысушысы бола аласыздар. Біз қолдау көрсетуге және бірлесіп жұмыс істеуге қашанда дайынбыз», - деп жазған Жеңіс Қасымбектің жазбасынан үлкен үміт күтеміз.
Алдағы уақыттарда елордамыз инновациялық қалалардың бірі болып, жаңбыр суы мен қаладағы кәріз жүйесі де жаңа технологиямен жарақтанады деп сенеміз.
Меруерт АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ