Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
24 тамыз, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Пригожиннің ұшағы қонуға 30 секунд қалғанға дейін алаңсыз ұшқан тәрізді

Пригожиннің ұшағы қонуға 30 секунд қалғанға дейін алаңсыз ұшқан тәрізді

Пригожиннің ұшағы қонуға 30 секунд қалғанға дейін алаңсыз ұшқан тәрізді
ашық дереккөзі
Бұл апаттан 10 адам қаза тапты. Қаза тапқандар тізімінде "Вагнердің" жетекшісі де бар, деп хабарлайды newsroom.kz. Ресей билігінің хабарлауынша, сәрсенбі күні кешке Мәскеудің солтүстігіне құлаған ұшақта Евгений Пригожин болған. "Вагнер" жалдамалы тобының жетекшісі және өзін-өзі армия басшылығының жауы деп жариялаған Пригожиннің тағдыры туралы Кремльден де, Қорғаныс министрлігінен де ресми түсініктеме берілген жоқ. "Вагнермен" байланыстағы Telegram арналардың бірі Gray Zone Пригожиннің қайтыс болғанын жариялап, оны "Ресейге сатқындық жасаушылардың" қолынан қаза тапқан қаһарман және патриот деп атады. Кейбіреулер бұл оқиға үшін Ресей мемлекетіне кінә тақса, өзгелері бүгін тәуелсіздік күнін атап өтетін Украинаны айыптап отыр. "Вагнердің" Санкт-Петербургтегі кеңселері орналасқан ғимарат болса, қараңғы түскенде терезелерін құрмет пен аза тұтудың белгісі ретінде алып крестпен жарықтандырды. Пригожиннің өлімі маусымда армия жетекшілеріне қарсы нәтижесіз қарулы көтеріліс жасап, президент Владимир Путиннің қаһарына ұшыраған "Вагнер" тобын лидерсіз қалдырады және оның Африка мен басқа жерлердегі болашақ операцияларына қатысты сұрақтар туындатайын деп отыр. Апаттың артында кім немесе не тұрса да, Пригожиннің ажалы Путинді Ресей билігіне ең үлкен қауіп төндірген адамнан арылтады.

Бортта "Вагнердің" тағы бір жетекшісі болған

"Росавиация" құлаған ұшақ бортындағы барлық 10 адамның аты-жөнін жариялады. Сол тізімде Пригожиннің оң қолы және осы жалдамалы топты құруға көмектескен Дмитрий Уткиннің есімі де бар. Ресейлік тергеушілер апаттың себебін анықтау үшін қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеп отыр. Кейбір ақпарат құралдары ұшақтың "жер-әуе" зымырандарымен атып түсірілгенін айтады. Алайда бұл дерек әзірге расталған жоқ. Мәскеуден Санкт-Петербургке бет алған әуе машинасы Тверь облысындағы Куженкино ауылының маңына құлады, деп хабарлайды Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі.

Байден таңқалмады

"Мен не болғанын нақты білмеймін. Бірақ таңқалмаймын ... Дегенмен, бұл сауалға жауап беретіндей көп жайтты білмеймін", - дейді АҚШ президенті Джо Байден.
Ресей үкіметі "шетелдік агенттер" қатарына қосқан және бұрын Путиннің спичрайтері болған Аббас Галлямов апаттың артында келесі жылы тағы бір мерзімге сайлануды көздеп отырған адамның тұрғанын айтып,  сол адамның осы апат нәтижесінде билігін нығайтқанын атап өтті.
"Биліктің енді Путинге қарсы тұру мүмкін еместігіне көзі жетті. Бүгінде Путин жеткілікті күшке ие және кек алуға қабілетті", - деп жазды Галлямов өзінің Telegram-арнасында.
Ресейде көп жылдық тәжірибесі бар бизнесмен және Кремльдің тағы бір сыншысы Билл Браудер бұл пікірді қолдап отыр.
"Путин ешқашан кешірмейді және ұмытпайды. Бүліктен кейін ол қорланған осал адам сияқты көрінген еді. Ал мына жағдай оның беделін нығайтатын болды", - дейді Браудер бұрын Twitter деп аталған X –тегі парақшасында.

Пригожинмен байланысты екінші ұшақ

Ұшақ құлағаннан кейін, көп ұзамай Пригожинмен байланыстағы өзге бір жекеменшік ұшақ "Вагнердің" Санкт-Петербургтегі базасына бара жатып, Мәскеуге қайтып оралды. Мұны рейстерді бақылау деректері көрсетіп отыр. 62 жастағы Пригожин 23-24 маусымда Ресей армиясының шенділеріне қарсы көтеріліске мұрындық болды. Бұл жағдайды Путин Ресейді азаматтық соғысқа итермелеуі мүмкін әрекет ретінде сипаттады. Айта кетсек, сол бүлік кезінде "Вагнер" жауынгерлері ресейлік шабуылдаушы тікұшақтарды атып түсіріп, ұшқыштардың бірталайын (нақты саны әлі белгісіз) өлтіріп, әскерилердің ашуын тудырды. Сонымен қатар, Пригожин Мәскеудің Украинадағы соғысын бірнеше ай бойы сынап, қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штаб жетекшісі Валерий Герасимовты орындарынан тайдыруға әрекеттенді. Көптеген ресейліктер Пригожиннің мұндай дөрекі сындардан кейін қалай аман қалғанына аң-таң еді. Маусымдағы көтеріліс Пригожиннің көрші Беларуське қоныс аударуға келісуімен аяқталды. Бірақ іс жүзінде "Вагнер" басшысы сол уағдаластықтан кейін Ресейде еркін жүріп-тұрған деседі. Пригожин дүйсенбіде Африкада түсірілген видеода мәлімдеме жасады. Ал шілдеде ол Санкт-Петербургте өткен Ресей-Африка саммитінде көзге түсті. Расталмаған өзге бір ақпаратқа қарағанда, Пригожин мен оның серіктері Ресей қорғаныс министрлігі өкілдерімен кездесуге қатысқан.

Пригожиннің ұшағы ақаусыз ұшқан

Flightradar24 онлайн трекері Пригожин мінген Embraer Legacy-600-дің кеше Мәскеу уақытымен сағат 18:11-де радар экранынан ғайып болғанын көрсетті. Содан кейін оның әуе көлігіне ұқсайтын ұшақтың аспаннан жерге қарай құлдилағаны және өртенгені жайлы бейнекадрлар жариялана бастады. Flightradar24 өкілі Ян Петчениктің сөзінше, бұл лайнер ешқандай ақаусыз ұшып, қонуға 30 секунд қалғанда апатқа ұшыраған. "Не болса да, тез болды. Бірақ ол күрт төмендегенге дейін ұшақтан жайсыздық байқалған жоқ", - дейді Петченик.