Жастарды қолдау: елордада биыл қандай іс-шаралар ұйымдастырылады

Жастарды қолдау: елордада биыл қандай іс-шаралар ұйымдастырылады

ашық дереккөзі

Студент жастар арасында асыға күтетін жыл сайынғы «Жастар жалыны» шығармашылық фестивалі өткізіледі. Биыл бұл жоба оқу жылы басталып, студенттер оқу режиміне үйренген соң басталмақ. Шамамен қазан-қараша айларына жоспарланып отыр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында басқарма басшысы Қайрат Қамбаров мәлім етті, деп newsroom.kz хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. «2022 жылы поэзия, театр, заманауи би, қазақша куиз, ұлттық би, музыкалық аспаптар, эстрада, айтыс, сурет салу, медиа номинациялары бойынша сайыстар өткізілген. Университеттер арасында Еуразия ұлттық университеті гран-при ұтып алып, 500 мың теңге көлемінде сыйлыққа ие болды. Биыл да өте тартысты, әрі қызықты фестиваль күтеміз», - дейді басқарма басшысы. Бар жанарды жаулаған «Жайдарман», «Елорда кубогы» ойындарын қала күніне орайластырып өткіздік. Айта кетейін, бұл жоба Жастар саясаты мәселелері басқармасымен 14 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Іс-шараға қазақстандық 12 және көршілес Қырғызстаннан да команда келіп қатысты. «Қазылар алқасының шешімімен жобаның бас жүлдесін, кубок пен 2 млн теңге көлемінде сыйақыны талдықорғандық «Шапалақ» командасы иеленді. Күміс жүлде және 500 мың сыйақыға тараздық «Медиум» командасы ие болса, астаналық «Ақпен бірге» командасы 300 мың теңге сыйақымен 3-ші орынға тұрақтанды. Толық шығарылымды ютубтан көре аласыздар. Қала күніне орай өткізген тағы бір шара – бұл «Үздік жас қаламгер» байқауы. Барлығы 98 өтінім келіп түсті. Үздік деп танылған 25 қатысушыға 500 мың теңге сыйақы берілді», - деді Қайрат Қамбаров. Оған қоса, белсенді жастар мен волонтерлерге арналған «Jastar Jalyny camp» лагері ұйымдастырылады. Лагерь аясында жастар 3 күн бойы шеберлік сабақтарына, тақырыптық кештерге қатысады, тимбилдингтер, open air өткізіледі. «Сонымен қатар, студенттер арасында дебат ойындары, жас отбасылар арасында шығармашылық байқаулар, көптеген фестивальдер жоспарланған. Мысалы, жақында Жастар күніне орай концерттік бағдарлама өткізу көзделген. Жастарды жан-жақты қолдауға әрдайым дайынбыз», - дейді ол. Сөз соңында алдағы уақытта өтетін жобалар туралы мәліметтер elorda_jastary парақшасында жарияланатынын мәлім етті.

Жүктелуде...