«QazIndustry» АҚ модельдік цифрлық фабрикалардың тізімін кеңейтеді. Бұл өндіріс тиімділігін арттыру және жұмыс жағдайлары мен экономикалық тиімділікті жақсарту үшін озық цифрлық технологиялар мен Индустрия 4.0 элементтерін пайдаланатын кәсіпорындар, деп хабарлайды newsroom.kz.
Модельдік цифрлық фабрикалар жобасы 2017 жылы жеті кәсіпорын базасында бастау алған. Атап айтқанда, «Химфарм», «Кентау трансформатор зауыты», «Евразиан Фудс», АК «Алтыналмас», «KARLSKRONA LC AB», «Алматы желдеткіш зауыты» және «Бал Текстиль» кәсіпорындары.
Модельдік цифрлық фабрикалар жобасына қатыса отырып, кәсіпорындар оқыту және тәжірибе алмасу үшін бірегей алаң және IT-компаниялармен өзара әріптестік орнату мүмкіндігін алады, сондай-ақ өз қызметкерлерін республикалық және халықаралық деңгейдегі бейіндік конференцияларға, көрмелер мен форумдарға қатысу үшін тізімдерге енгізіп, өндірісті цифрландыру бөлігінде өз жетістіктерін танымал ете алады.
«Біздің орталық өнеркәсіптік кәсіпорындарға өздерін модельдік цифрлық фабрикалар ретінде, цифрлық технологияларды енгізу бойынша жұмыстарын көрсетуге шақырады. Бұл өндірісті цифрландыру саласындағы өз тәжірибесі мен жетістіктерін көрсетуге, өзге компаниялар мен жалпы бүкіл индустрияның назарын аударуға мүмкіндік береді. Модельдік цифрлық фабрикалар жобасына қатысу кәсіпорынға цифрлық трансформация саласында ілгерілеуге және өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», - делінген QazIndustry хабарламасында.
«KARLSKRONA LC AB» машина жасау зауыты модельдік цифрлық фабрика жобасының арқасында CRM клиенттерімен қарым-қатынасты басқару жүйесін енгізді. Бірыңғай цифрлық экожүйе сату, маркетинг және клиенттерге қызмет көрсету салаларындағы қызметтің ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді.
«Алтыналмас» алтын өндіруші компаниясы Wencomine тау-кен жабдықтарын басқару жүйесі негізінде «Ақтоғай» жобасында ашық тау-кен жұмыстарын диспетчерлеуді жүргізді. Бұл нақты уақыт режимінде қызметкерлердің жұмыс уақыты мен жұмыстың тоқтап қалуына мониторинг жүргізуге, жүк тиеу пункттері бойынша автосамосвалдарды оңтайлы бөлуге, KPI-ды жан-жақты талдау мен бағалауды жүргізуге мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, цифрландыру жұмыстары өзінің оң әлеуметтік әсерін де беруде. Мысалы, «Алтыналмас» жақын маңдағы елді мекендерді интернет жүйесімен қамтамасыз етті.
Сарапшылар атап өткендей, болашақта модельдік цифрлық фабрикалар жобасына қатысатын компаниялар өз салаларында және одан тыс жерлерде цифрлық технологияларды енгізудің драйверлеріне айналады.
Қосымша ақпарат алу үшін +7 (7172) 79-33-90 (ішкі 1191) нөміріне немесе
a.serikpaeva@qazindustry.gov.kz электрондық поштасына хабарласуға болады.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі