Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
4 тамыз, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Заң күшейтілмек». Қыз алып қашу салт па, қылмыс па?

"Заң күшейтілмек". Қыз алып қашу салт па, қылмыс па?

«Заң күшейтілмек». Қыз алып қашу салт па, қылмыс па?
ашық дереккөзі
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әйелдердің құқықтарын бұзу мәселелеріне талдау жүргізуде, деп newsroom.kz хабарлайды El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Gov.kz сайтының мәліметінше, 736 миллион әйел физикалық және басқа да зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Оның 640 миллионнан астамы (87%) 15 жастан асқан қыздар мен әйелдер. Бұл мәселе бүкіл әлемде өте өзекті. Тек соңғы екі жарым жылда біздің елде үй агрессорлары 300 адамның өліміне себепкер болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 913, ал денсаулыққа орташа зиян келтірудің 837 жағдайы тіркелді. 37 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себептері әлеуметтік-экономикалық факторлар және қоғамдағы гендерлік стереотиптер десек артық айтқанымыз емес. Мәжбүрлі некеге тұрған қыздардың серіктестерінің жыныстық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы да белең алып барады. Көбінесе мәжбүрліп неке құрған қыздарды білім мен мамандық алу мүмкіндігінен айырады, бұл олардың тәуелді және осал жағдайын одан сайын нашарлатады. Некеге тұру үшін қыздарды ұрлау тәжірибесі елімізде, әсіресе оңтүстік аймақтарда жиі кездеседі. Кейбір жағдайларда мұндай әрекеттер жыныстық тұтастықты бұзуға, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауға, заңсыз бас бостандығынан айыруға және тіпті өз-өзіне қол жұмсауға да әкеледі. Бұл ретте қыз алып қашуды халқымыздың дәстүріне жатқызып, оны ұлттық код санайтындар, абырой көретіндер әлі де бар. Соның кесірінен адам өмірі, оның келешек тағдыры тәлкекке түсіп, бағы баянсыз, өзі шарасыз хәлде қалатыны жасырын емес. Сондықтан да, екіжақты келісіммен ғана отбасын құруға үгіттейміз. Адам ұрлаумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды талдау көрсеткендей, 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін аталған санаттағы 214 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл ретте некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау бойынша нақты статистикалық деректер жоқ, өйткені Қылмыстық кодексте мұндай құқық бұзушылықтың жеке құрамы көрсетілмеген. 2019 жылдың шілде айында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі жалпы жазасыздық пен есеп берудің жоқтығына алаңдаушылық білдіріп, балалар, ерте және мәжбүрлі неке туралы A/HRC/RES/41/8 қарарын қабылдады. 2018 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған қарарда БҰҰ Бас Ассамблеясы 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібінде көзделген балалар, ерте және мәжбүрлі некелерді жою мақсатында тиімді шаралар қабылдауға шақырады. Ұрлау және мәжбүрлі неке тәжірибесін жою, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың назарында болуы керек. Ағымдағы жылдың 1-4 тамыз аралығында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен өткізілетін «Медиация кабинеттерінің Ашық есік күні» жыл сайынғы акциясына қатысып жатыр. Іс-шаралар легі еліміздің барлық өңірлерінде Достық үйлерінің базасында өтіп, азаматтар медиаторлар мен мемлекеттік органдар өкілдерінен құқықтық мәселелер бойынша кеңес алу мүмкіндігін берді. Омбудсмен өкілдері қатысушыларды құқық қорғау мекемесі қызметінің негізгі бағыттарымен, сондай-ақ некеге мәжбүрлеп тарту мәселелеріне жүргізілген талдау нәтижелерімен таныстырмақ. Қазіргі уақытта ұлттық құқық қорғау мекемесі қылмыстық заңнамаға бірқатар түзетулер, атап айтқанда жеке бапты енгізуді және жәбірленуші өз еркімен босатылған жағдайда қылмыскерді қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабына ескертпені алып тастауды қарастыруда. Орталық Азия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау туралы жеке бап бар. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің бастамасымен Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды, ол әйелдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін ескерту әсерін тигізеді деп сенеміз. Бас прокуратура Омбудсменнің Қылмыстық кодекске 125-1-баптың жеке бөлігін енгізу туралы ұсынысын қолдады.