Жуырда "Ақ жол" партиясы ұйымдастырған дөңгелек үстелде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басқарма төрағасы Сәбит Ахметов ауыл дәрігерлерінің "ғаламат жалақысына" таңдай қағып, тамсанған болатын.
Оның айтуынша, Қазақстанда МӘМС, яғни медсақтандыру жүйесі енгізілгелі медперсоналдың орташа еңбекақысы артты, деп хабарлайды
newsroom.kz.
Сәбит Мейрамұлы 2023 жылғы наурызда Құзыреттілік және жаңа бастамалар орталығы деген тылсым атауы бар мекеменің басшылығы лауазымынан ауысып, триллиондаған қаражатқа иелік ететін, бүкіл медицинаны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын медсақтандыру қорының тізгінін өз қолына алды.
Оның айтуынша, ол бірінші кезекте жүйеде қалыптасқан ахуалға терең үңіліпті. Бірнеше облысты аралап шыққан. Бүгінде де өңірлерге сапарын жалғастырды. Бірақ бірінші кезекте көзіне дәрігерлердің "аста-төк" табысы түскен көрінеді. Көре сала, шалқасынан түсе жаздапты.
"Аралауды ауылдардағы медпунктерден, дәрігерлік амбулаториялардан бастадым, қалалық және облыстық ауруханалармен аяқтадым. Сонда не байқадым? Бәрі сонша жаман емес көрінеді. Мен өзімнің көргенімді айтып отырмын. Даму динамикасы бар. Заманауи жадбықтармен жарақтандырылған, кадрлармен қамтылған. Ауылдағы дәрігерлердің жалақысы 1 миллион теңгеге жетті. Мен бұдан естен тана жаздадым, шок болдым. Салыстырсақ, ӘМСҚ қорының жетекші мамандарының ең төменгі жалақысы 170 мың теңге, ең жоғарғы табысы – 800-900 мың теңге. Орташа жалақы 450 мың теңге. Қайталап айтамын, ауылдағы дәрігерлер 1 миллион теңгеге дейін алады!", – деді Сәбит Ахметов.
Алайда Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің, әсіресе ауылдағыларының жалақысы 1 миллион теңгеге жеткенін растай алмады.
Дәрігерлердің айтуынша, пандемия кезінде мемлекет коронавируспен күрестің алғы шебінде болғандарға қомақты үстемеақы төледі. Бірақ 2021 жылы оны алып тастады. Мұндай еңбекақы алу үшін еш демалыссыз, бірнеше ауысым қатар жұмыс істеу, кезектен тыс жұмысқа шығу (сверхурочный), өзге әріптестері үшін кезекшілікті атқару сияқты жанкешті тірлік қажет болуы мүмкін. Оның өзінде мемлекеттің миллион төлеріне кепіл жоқ. Сонымен бірге мұндай алапат жүктемеде жұмыста қандай сапа болсын?
Оның үстіне Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда дәрігерлер мұғалімдерден аз табады: ауылдағы медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 300 мың теңге. Айтқандай, Оқу-ағарту министрі болып тұрғанда Асхат Аймағамбетов ауыл педагогтерінің жалақысы 700 мың теңгені құрайтынын жариялаған еді.
Informburo.kz Ахметовтың сенсациясына қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады. Алайда министрлік ӘМСҚ басшысының сөзін тексеру орнына, ол сауалды ӘМСҚ-ке бағыттапты. Яғни, ДСМ бұдан хабарсыз болып шықты. Ведомство дәрігерлердің жалақысы сол қор бөлетін қаражаттардан құралатынын ескертті. Ал министрліктің өзінде бұл мәселеге қатысты ешқандай ақпарат жоқ.
Халыққа осы тосын мәліметті жариялаған қордың өзі де мәселенің басын ашып бере алмады.
"Қор басшылығы жергілікті жерлердегі жағдаймен танысу үшін ел өңірлеріне сапарлап жүр. Оның барысында медициналық қызметкерлермен де кездесулер өткізеді. Ауруханалардың бірін аралау кезінде дәрігермен шүйіркелескен. Сонда ол түрлі үстемеақыларды, кезекшілік үшін төлемдерді қосқанда, шамамен 1 млн теңге алатынын жеткізіпті", – деп жауап қатты журналистерге қордағылар.
ДСМ қаржыландыруға қор жауап беретіндіктен, барлық егжей-тегжейлі ақпарат сонда бар деп сілтеді. Ал ӘМСҚ дәрігерлер мен орта медициналық персоналға төлемдер туралы тек жиынтық ақпаратты ғана өңірлік денсаулық сақтау басқармаларынан алатынын айтып, сырғытып отыр. Оның өзі өзекті емес.
"2023 жылғы сәуірдегі деректер бар, оған сәйкес дәрігерлердің ең жоғарғы жалақысы шамамен 620 мың теңгені құрады. Ең төменгі жалақысы – орта есеппен 240 мың теңге. Кейбір өңірлерде ең жоғарғы жалақы 1 млн теңгеге жететін көрінеді", – деп түсініктеме берген ӘМСҚ оның қандай өңірлер екенін нақтыламады.
Бұған қоса, қордағылар ауыл дәрігерлері кезектен тыс жұмысы және кезекшіліктері үшін қандай үстемеақылар алатынын да айта алмады. Барлық соманы еңбек келісімшарты аясында әрбір медициналық ұйымның өзі белгілейтініне сілтеп, жалтарды.
Медицина маманы, Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласында күрделі ахуал қалыптасқанын айтады. Бұл кадрға да қатысты. Бес жыл ішінде медициналық кадрлардың жалпы тапшылығы 2 есеге ұлғайды: 10 698,5 маманнан 23 111,5 маманға дейін. Оның үштен бірін дәрігерлер тапшылығы құрайды.
"Аурушаңдық және өлім-жітім бойынша тыныс алу, несеп-жыныс жүйесі, ас қорыту ауруларының жетекші орынға шыққанына қарамастан, осы нозологияларға ем жүргізетін дәрігерлердің штаттар саны денсаулық сақтаудың нақты қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Салдарынан бар мамандар жоғары жүктемемен қызмет жасауда. Мысалы, министрлік 2019-2021 жылдары орташа жылдық тапшылығы 600-ден 800 штаттық бірлікке дейін жететін аса қат 16 мамандық бойынша бірде-бір мемлекеттік тапсырыс орналастырылмаған. Бұл бүгінде қажетті түлектердің нарыққа шықпауына ықпал етті. Қазіргі кезде кадрларды даярлау жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың мақсаттары мен көрсеткіштері қажетті мамандықтар тапшылығы проблемаларын шешуге емес, кадрлардың жалпы санын ұлғайтуға бағытталғанын көруге болады", – деді сенатор.