Түркістан облысында полицияның алты қызметкері сотталды. Оларға «Азаптау» және «Заңсыз ұстау» баптары бойынша жаза кесілді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Сауран аудандық полиция басқармасының бұрынғы қызметкерлері «екі қой ұрлады» деген күдікпен былтыр ақпан айында 2 азаматты ұстаған. Кейін оларды полиция ғимаратына жеткізіп, ұрып-соғыпты. Олар тергеу барысында күдіктілерді «скотчпен» байлап, целлофан пакет кигізіп, тұншықтырған деген айыптар тағылды. Бірақ бұған полиция туыстары келіспейді.
Түркістан қалалық сотының судьясы Абай Бекботаев 4 полицейді 4 жылдан соттады. Екеуіне үш жарым жылға түрме жазасын кесті. Сотталушылар жазасын қатаңдығы орташа түрмеде өтеуі тиіс. Түрмеден шыққан соң да 3 жыл құқық қорғау органдарында жұмыс істей алмайды.
Одан бөлек, сотталушылар жәбірленушінің біріне 2 жарым миллион, екіншісіне 3 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді.
Сот залына өте көп адам жиналды. Үкім оқылғанда тіпті біреуі өзі отырған қоршаудың әйнегін сындырып, сыртқа секіріп түскен.