Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
27 шілде, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Жаңа қаулы қабылданады. Енді банктер тұтынушыларды алдай алмайды

Жаңа қаулы қабылданады. Енді банктер тұтынушыларды алдай алмайды

Жаңа қаулы қабылданады. Енді банктер тұтынушыларды алдай алмайды
ашық дереккөзі
Қаржылық қадағалау агенттігі отандық банктерді өздерінің қарыздары мен салымдарының жарнамасында сыйақының жоғары және төменгі шегін, қарыз бен салымның әрбір түрі бойынша жылдық тиімді мөлшерлемені көрсетуге міндеттейтін қаулы дайындайды, деп newsroom.kz хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап. Бұл ретте банк жарнамаларында несиенің өсімі, айыппұлы, қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаға өндіріп алу мүмкіндігі, коллекторлық агенттікке берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және реттеуге беру, сотқа талап қоюмен жүгіну мүмкіндігі және банктің ішкі құжаттарында көзделген өзге де мәліметтер келтірілуі қажет. Қаулы жобасына сәйкес, коллекторлар сіздің тарапыңыздан қарыз болған жағдайда жұмыс күндері таңғы 8:00-ден 21:00-ге дейін ғана қоңырау шалуға құқылы. Тұтастай алғанда, клиенттің жеке келуі кезінде бір күнде бір байланыстан артық емес және телефон арқылы күніне үш реттен артық емес байланысқа жол беріледі. Экономист Мақсат Халық бұл мәселеден хабары барын айтты. Сарапшы қаулыға қатысты пікірімен бөлісті.
Бұл жерде ең маңызды мәселе банктердің жарнама берген кезде жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесін анықтап көрсетуі жайында болып отыр. Әйтпесе бізде көбіне 27 пайыздан басталады деп тұрады. Онда да жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме қысқартылған әріптермен жазылады. Заң бойынша екінші деңгейлі банктердің 56 пайызға дейін көтеріп қоюға қақысы бар. Сол себепті жарнама берген тұста олар осындай пайыздан басталады деп жазады. Бірақ тұтынушылар алдына барған кезде 50-55 пайызбен кредитті рәсімдеп жібереді, – дейді сарапшы.
Яғни, экономистің сөзінше, банктің алдына барған клиенттер қанша пайызбен несие алып жатқанын білмеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде мұндай ауыртпашылықты алған отбасы қарыздың шырмауына батады деп отыр.
Сондықтан оның алдын алу үшін банктердің бәрінде арнайы жарнамалар бүге-шүгесіне дейін анық көрсетілетін болса (төменгі-жоғары шегі, талаптары, сыйақы) онда бұл тиімді болатыны сөзсіз. Бұдан өзге, қаулыда коллекторлық ұйымдарға да қатысты нақты шектеулер бар екен. Олар борышкердің қарызын сотқа өткізіп жатса, онда ескертулері тиіс. Ал бұрын ескертусіз келе беретін, – дейді Мақсат Халық.
Заң бойынша коллекторлар жұмыс күні ғана хабарласуға қақысы бар. Күніне қайта-қайта қоңырау шалуға тыйым салынады. Егер күніне үш реттен артық телефон қоңырауын шалса, онда ол заңсыз деп танылады. Осының бәрінен азаматтар хабардар болуы қажет деп есептейді.
Әлі де қарастырылмай отырған тағы бір маңызды дүние – бұл кредиттердің пайыздар мәселесі. Шынын айтқанда, кредиттің пайызын 30 пайызға дейін түсіру керек деп талай жерде ұсыныс айтып жүрмін. Әрине, менікі, бір қарағанда, қатаңдау болып көрінуі мүмкін. Десе де Ұлттық банк қойып отырған төменгі шек 16,75 пайыз, ал жоғары шегі – 56 пайыз. Банктер осы аралықта өздерінің табыстарын тауып отыр. Ал 30 пайызға дейін түсіретін болсақ, онда банктердің пайыз қою шегі қысқарады. Сондықтан бұл банктер үшін тиімсіз болып саналады. Қазір 40-45 пайызға дейін түсіру жайында ұсыныстар болып жатыр, мен 30 пайыз деп айтып жүрмін. Бұл мәселені депутаттар да жан-жақты қарастыруы керек деп ойлаймын, – дейді экономист.
Бұдан өзге, борышкерлермен барлық байланыстар аудио немесе бейне техникасы арқылы жазылуы керек. Бұл материалдар өзара әрекеттесу күнінен бастап алты ай бойы сақталуы қажет. Әрине, бір жағынан, мұндай егжей-тегжейлі нұсқаулықтың болғаны жақсы. Бұл ережелер тек күзден бастап жұмыс істемек.
Сыйақы мөлшері және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі банктік қарыздың және салымның әрбір түрі бойынша жоғары және төменгі диапазонды ескере отырып көрсетеді, – делінген Ұлттық банктің қаулысына енгізілетін жаңа нормада.
Банктер жарнамада қарыздар бойынша ставкалардың ауқымын көрсетуге және клиенттерге мерзімі өтіп кеткені туралы хабарлауға міндетті. Қазақстан банктері жарнамаланатын қарыздар мен салымдар бойынша барлық ставкалардың ауқымы туралы хабарлауға, мерзімі өтіп кеткені туралы хабарлауы тиіс. Бұл жаңалықты қарапайым халықтың көбісі әлі білмейді. Естігендер «керемет жаңалық, көпшілігі банктен қанша пайыз несие алатынын түсінбейді», десе, енді бірі «біз үшін түсінікті болуы үшін бәріне назар аударатыны өте жақсы болды» деп жарыса жазып жатыр.