Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
10 шілде, 2023 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қазақстандық бизнеске санкция салына бастады

Қазақстандық бизнеске санкция салына бастады

Қазақстандық бизнеске санкция салына бастады
ашық дереккөзі
Оның әсері мен салдары қандай болмақ? Өткен аптада Украина бірнеше мемлекеттің 291 компаниясына 10 жылдық мерзімге санкция салды, деп newsroom.kz хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. Оның ішінде қазақстандық екі компания – "ИТС-Астана" ЖШС мен "Тыныс" АҚ бес жылдық шектеуге ілікті. Бұлардың біріншісі – ресейлік "ИТС-Урал" компаниясының ресми өкілі, дәнекерлеу жабдығын жеткізумен айналысады. Екіншісі, "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясының құрамына кіреді. Полиэтилен пакеттер, автокөлік крандары, мүгедектер арбасын, сонымен қатар брондалған кеудеше, бронды қорғаушы құралдар сынды жеке қорғаныс заттарын, медициналық жабдықтар шығарады. Әзірге екі компания да бұл туралы пікір білдірмеді. Ал сарапшылар дүрлігуге негіз жоқ екенін алға тартып отыр.
"Екі қазақстандық компанияға қарсы санкция салынды. Дүрлігуге негіз көріп тұрған жоқпын. Екі жеке компанияға қарсы санкция  – бұл қалыпты нәрсе", – деп жазды танымал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов Facebook желісіндегі парақшасында.
Жалпы Қазақстан үшін санкция тақырыбы соңғы бір жылдан бері қорқынышты түске айналғандай. Өйткені Ресеймен шектесетін көрші ретінде экономикалық байланыстардың арқасында батыс елдеріне "ала көз болу" қаупі жоғары. Мұны АҚШ пен Еуропаның түрлі құзырлы органдары жиі айтып та, ескертіп те жүр. Олардың пікірінше Ресей негізінен қарулануға қажетті құралдар мен жабдықтарды үшінші елдер арқылы алуға көшкен. Ол елдің бірі – көрші  қазақстандық банктер мен компанияларға келеңсіз кедергілерге тап болу қаупі жоғары. Сондықтан Президенттен бастап, биліктің барлық тармағы біздің көршімен қарым-қатынасымыз халықаралық талапқа сай екенін айтып, жиі мәлімдеуге мәжбүр. Мамыр айында Мәжіліс депутаттары санкцияға ілгіп кету қаупі туралы айтып дабыл қаққан. Маусымның басында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та осы туралы сөз қозғады.
"Біз санкцияны айналып өтетін юрисдикция, аумақ болмайтынымызды ашық мәлімдейміз", – деген еді министр.
Маусым айының 20-сы күні Мемлекет басшысы көрші елмен экономикалық қатынасымыз Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сай екенін тағы бір мәрте атап өтті.
"Біз, ең алдымен, ДСҰ ережелері мен нормаларын басшылыққа аламыз. Сондай-ақ халықаралық нарықта қабылданған барлық ережені сақтаймыз. Ал екі мақсатта қолданылатын тауарлардың Ресейге экспорты туралы айтар болсақ, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені, жаңа ғана айтқанымдай, біз ДСҰ ережесін және Еуропалық Одақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтаймыз. Әйтсе де, Ресеймен сауда-саттық жасаймыз. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 28 млрд долларға жетті. Бұл қолданыстағы халықаралық стандарттарға толық сай келеді", – деді Президент.
Дәл сол күні Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездескен болатын.
"Біз Президент Тоқаевпен санкция және оны айналып өту туралы да сөйлестік. Біз санкциядан қашу үшін барлық күшімізді салуымыз керек", – деді Германия басшысы кездесуден кейін.
Германияға санкция қаупі жоғы айтпаса да түсінікті, сондықтан Штайнмайердің бұл сөзі Қазақстанға ескерту сияқты естіледі және бұл бірінші және соңғы ескерту емес екені тағы белгілі. Сонымен қатар бұл ескертулер де қауіпті емес. Қауіптісі санкцияның мемлекетке және негізгі тұлғаларына, ірі компанияларға салынуы. Биылғы жылдың басында Қазақстанға АҚШ пен Ұлыбританияның қаржы саласына қатысы бар лауазымды тұлғалары бастаған делегация келгені белгілі. Оның құрамындағылар Қазақстанға санкция салынып кету қаупі туралы ашық айтты. Сол тұста Reuters пен Bloomberg ЕО-да Ресейге тыйым салынған тауарды жеткізуге көмектесіп отырған елдерге санкция салу мәселесін қарастырып жатқаны туралы жазды. Онда негізгі ел – Қазақстан екені айтылған. Шетелдік делегациялардың үстел басында, болмаса халықаралық мінберлерде айтылған ескертулерін әзірге Қазақстан тарапы барынша олардың үдесінен шығатындай орындап келе жатқаны байқалады. Оның бір көрінісі санкция салынған ресейлік бизнестің Қазақстаннан кетуі. Мысалы: "Сбербанк", "Альфа банк" сатылып, иелері ауысты. Қазақстандық қор биржасы жыл басынан бері оннан аса компанияның құнды қағаздарын сатуды тоқтатып, оларды ресми тізімнен шығарды. Олардың қатарында  "Аэрофлот", "Газпром", "Норильского никель", "Лукойл", "Магнит", "Ростелеком", "Новолипецкий металлургический комбината", "Яндекс" сынды  компаниялар бар. Алайда кейбір БАҚ-тың жазуынша билік барынша сақтауға тырысып отырған санкция талаптарын бизнес бұзып, санкция ілігіп кету қаупі бар. Яғни, мемлекет немесе лауазымды тұлғалар емес жекелеген компанияларға санкция салынуы мүмкін. Мысалы, жақында Украинадағы соғыс басталғанда пайда болып, 2022 жылы құны 1,23 млн долларлық 500 ұшқышсыз ұшу аппараттарын Ресейге жеткізген "Аспан арба" компаниясы туралы ақпарат шықты. Ресейлік "Небесная механика" компаниясымен иесі бір делінген компания Алматыдағы Жамақаев 99 мекенжайына тіркелген. Шетелдік БАҚ тура электрондық бөлшектер жіберген Da Group 22 компаниясы туралы да жарыса жазды. Олар сонымен қатар 2022 жылы Қазақстаннан Ресейге 18 млн долларға микросхемаларды, 1,23 млн долларға дрондарды сатқанын анықтаған. Ал дәл сол 2022 жылдың ақпан айына дейін Ресей Қазақстаннан мүлдем дрон сатып алмаған. Сарапшылар жыл басында АҚШ пен ЕО делегациясының да банктер мен бизнес туралы айтқанын бекер емес деп есептейді. Егер Қазақстанға санкция салынса алдымен табыс табу мақсатымен сауда жасаған немесе үшінші елдермен сауда барысында қатерді ескермеген бизнес зардап шегуі мүмкін. Егер қандай да бір компанияға санкция салынса, мұндай компаниялар Еуропа немесе АҚШ-тан тауар сатып ала алмайды. Сонымен қатар қомақты айыппұл салынады. Санкцияға компания қызметкерлері де ілігіп, батыс елдеріне шыға алмайды және бұл инвесторлардың да сеніміне селкеу түсіреді. Мұны көршіміздің тәжірибесінен көруге болады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ресейге 7,5 мыңға жуық санкция салынған. Оның басым бөлігі бизнес пен бизнесмендерге бағытталған. Сондықтан бизнестің басым бөлігі Ресейден бастарын ала қашты. 2022 жылдың нәтижесінде Ресей экономикасы 2,1% құлдырады. Санкциядан бөлек соғысқа қатысып жатқан ел экономикасының шынайы хәлі 2023 жылдың соңында байқалатын сыңайлы.