Солтүстікатлантикалық альянс елдерінің лидерлері шілденің 11-12-і күндері Литва астанасында кездеседі. Бірақ олар осы жолы Украинаны батыстық әскери одаққа шақырмауы мүмкін, деп хабарлайды
newsroom.kz.
НАТО елдерінің жетекшілері 11-12 шілдеде Вильнюсте кездесіп, Украинаның мүшелікке үміткерлігі мен Швецияның осы альянсқа қосылуы төңірегіндегі келіспеушіліктерді, оқ-дәрі қорын көбейту және ондаған жылдардағы алғашқы қорғаныс жоспарларын талқылайды.
Бұл - Ресей Украинаға басып кіргеннен бері НАТО өткізетін төртінші саммит. Олардың біріншісі 2022 жылы 25 ақпанда, яғни, РФ армиясы көрші елге енгеннен кейін бір күннен соң виртуалды форматта өтіп, қалған екеуі Брюссель мен Мадридте ашылды.
УКРАИНАНЫҢ НАТО-ҒА МҮШЕЛІГІ
Саммитте НАТО-ның Украинамен болашақ қатынастары басты тақырыпқа айналатын сияқты.
НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг соғыс жүріп жатқандықтан, Украинаның Солтүстікатлантикалық одаққа әзірге мүше болмайтынын және Вильнюс саммитінде Киевтің НАТО-ға ресми түрде шақырылмайтынын ашық айтты және де Украина қарулы қақтығыс аяқталғаннан кейін НАТО-ға қаншалықты тез қосылуы керек деген мәселе бойынша да одақтастар арасында ортақ пікір жоқ.
УКРАИНА ҮШІН ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІКТЕРІ
НАТО лидерлері Киевтің соғыстан кейін қандай қауіпсіздік кепілдіктерін алуы керектігін талқылауы мүмкін. Дегенмен бұл уәде альянстан емес, екі жақты болады деген пікірлер айтылып отыр.
Болжамдарға қарағанда, соғыс аяқталғаннан кейін жаңа шабуылдарға жол бермеу үшін Киевке әскери және қаржылық көмек беруді жалғастыру уәде етілмек.
Алайда, осыған дейін Столтенберг мәлімдегендей, Вашингтон шартының 5-ші бабына сәйкес, НАТО-ның толыққанды мүшелеріне ғана қауіпсіздік кепілдігі беріледі.
НАТО-НЫҢ ШЫҒЫСТАҒЫ ҚАНАТЫН КҮШЕЙТУ
Вильнюсте альянс жетекшілері "қырғи-қабақ" соғыстан кейін жасаған алғашқы қорғаныс жоспарларын қарастырып, Ресейдің шабуылына НАТО-ның қалай жауап беретінін егжей-тегжейлі талқылайды.
Аймақтық жоспарлардың қайта жандануы түбегейлі өзгерісті білдіреді. Осы жоспарларымен НАТО өз құрамындағы елдерге қарулы күштері мен логистикасын жаңарту бойынша нұсқаулар береді.
НАТО ондаған жылдар бойы ауқымды қорғаныс жоспарларын қажетсінбеді. Бірақ Еуропадағы 1945 жылдан бергі ең қанды соғыс мұндай жоспарлардың келесі қақтығысқа дейін әзір болуы керектігін ескертіп отыр.
НАТО-ның алдында, сонымен қатар, оқ-дәрі жинау мақсаты тұр. Өйткені Киев снарядтарды батыс елдері шығарғаннан әлдеқайда жылдамырақ жұмсап жатыр.
Сонымен бірге, Литва астанасында өтетін форумда НАТО Ресейге қарсы тұру үшін 300 000-нан астам жауынгерді жоғары дайындыққа қою мақсатын жүзеге асыруға талпынысын да көрсетпек.
ШВЕЦИЯ
Швеция Вильнюс саммитінде НАТО-ның 32-ші мүшесі атанудан үміттенген еді. Бірақ Түркия Стокгольмге мұндай мүмкіндікті бермей отыр. Анкара скандинаиялық корольдікті өз аумағында күрдтердің содырлық топтарының мүшелерін паналатып жатыр деп айыптап, Швецияның НАТО-ға өту жолына тосқауыл қоюды жалғастырып келеді.
Одақтастар Түркия президенті Тайып Ердоған алдағы саммитте бұл қарсылықты доғарады деп үміттеніп отыр. Алайда, Түрік Республикасы лидерінің қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз.