Еліміздің коньки спортына өзге елдің спортшылары ағылмақ. Ресей ұлттық құрамасының спортшылары Кристина Силаева мен Елизабета Голубева Қазақстан азаматтығын алады. Ақпарат расталды, деп жазады newsroom.kz.
Бұл туралы спорт тілшісі Аслан Каженов фейсбук парақшасында жариялады.
“Ақпарат расталды. Ресейлік ақпарат құралдары қос бірдей конькиші Кристина Силаева мен Елизабета Голубеваның Қазақстан құрамасына ауысқанын жариялап жатыр. Біздікілер үнсіз. Кеше Анық Көкенайұлы ғана мәселені көтерді. Қазбалап қарасам, біреу емес бірнешеуі елімізге келмек. Бұған қоса, бапкерлерін де ілестіріп әкелмек.
Кристина көктемнен бері Қазақстанда дайындалатынын және сол уақытта-ақ шешім қабылдағанын жеткізді. Біз оны неге білмейміз? Басқа-басқа, коньки спортына легионер керек емес қой. Енді ғана аяғынан нық тұрып, өзіміздің спортшылар, әсіресе,өзіміздің қаракөздер жақсы нәтиже көрсете бастағанда, неге мыналарды топырлатып әкеліп жатсыздар? Қазір қазақ бапкерлерінің де әлеуеті жаман емес. Керемет нәтижелер көрсетіп жүр. Енді неге олардың қатарына мыналарды қосып жатсыздар?
Министр Асхат Оралов, жақында ғана «легионерлермен күресуге кірсеміз, қырамыз-жоямыз» деген сияқты пікір білдірдіңіз. Сөз керемет. Әрекет қайда? Егер осы қарқынмен кете берсе, жақында ұлттық құрама “ұлттық ресейлік құрамаға” айналады. Өйткені, дәл осылай технично біздің қыз-жігіттермен дайындалып жүрген көрші елдің спортшылары көп. Өз басым күрес, дзюдо және жүзуден байқадым. Мынау сияқты байқамай жүргенім қаншама?! Егер барлығына көк паспорт ұстататын болсақ, онсыз да ауыр әлде жатқан қазақ спортын өлтіріп тынамыз”,-деп жазды.
P.s.Отандық спорт тарихында медальсыз оралған сәттеріміз де жеткілікті. Ел тәуелсіздігін алған жылдары спортшылар жоқ, мемлекет жас деп сылтау айтылды. 30 жылда қолға алынбаған спорт саласын легионерлер толтырғанмен елге пайдасы шамалы. Келімсектер қомақты қаржыны алады, еліне кетеді. Ал еліміздің ертеңі ше? Ойланатын уақыт келген сыңайлы.