Биылғы 4 шілдеде Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында Ұлан-Батырдың қазақтар шоғырлана орналасқан Налайх ауданында қандастармен кездесу өтті. Кездесу Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі мен Моңғолиядағы «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды
newsroom.kz.
Кездесу барысында “Отандастар қоры” президенті Абзал Сапарбекұлы Қоғамның мақсат, міндеттері, шетелдегі қазақтармен жұмыс жүргізу барысы туралы ақпарат берді. Оның ішінде, «Отандастар қоры»-ның шетелден көшіп келетін қандастарымызға азаматтық алу, жұмысқа орналасу, Қазақстанда жалпы бейімделу бойынша ақпараттық-консультативтік қызмет көрсету жайына тоқталды.
Сонымен қатар, Абзал Сапарбекұлы шетелден елге көшіп келуді жоспарлаған қандастарымыз үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы баяндады. Бұған қоса, биылдан бастап іске асырылуы жоспарланған, шетелдегі этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы туралы ақпарат берді. «Ата жолы» картасы шетелдегі қандастарымыздың 10 жыл бойы визасыз елге келуіне, кәсіппен айналысуына т.б. мүмкіндік береді.
А. Сапарбекұлы «Біз қазақ пен моңғол халықтары – ежелден бері келе жатқан Ұлы дала өркениетінің мұрагерлеріміз. Екі елдің бір-бірін мақтан тұтатын ортақ құндылықтармыз бар: тарихымыз, тіліміз, салт-дәстүріміз қазақ, моңғол халықтарының бір-біріне етене жақын екенін көрсетеді» деді. Сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның Моңғол елімен байланыстарға ерекше назар аударатындығын айрықша атап өтіп, қазақ қандастарымызға қамқор болып отырған Моңғол үкіметіне ықыласы мен ризашылығын жеткізді.
Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев өз сөзін Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының ашылуына орай құттықтау сөзімен бастады. Елші Ғабит Бейбітұлы Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің маңызды қызметтерінің бірі – Моңғолиядағы қандастармен жұмыс екеніне ерекше мән берді. Елшілік қандастарға елімізде көрсетіп жатқан қолдауларға дәнекер ретінде қызмет ететіндігіне тоқталды.
Елші Ғ.Қойшыбаев екі ел арасындағы саяси, парламентаралық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың, қазақ-моңғол қатынастарының достық пен ынтымақтастық аясында одан әрі серпінді дамитынына сенім білдірді.
Сөзін қорытындылай келе, Елші Ғабит Бейбітұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының мүшесі Жеңісбек Қабидоллаұлына Моңғолияда қазақ тілі мен мәдениетін сақтауға, ұлттық салт-дәстүрін кеңінен насихаттауға қосқан үлесі, сондай-ақ қазақ-моңғол қарым-қатынастарының одан әрі нығаюына сіңірген еңбегі үшін алғыс хатпен және төсбелгімен марапаттады.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Унзила Шапаққызы өз сөзінде осы ауылдың тумасы екенін айтып, жастық шағы өткен кезді тебірене еске алды. Налайх шағын қала болғанына қарамастан, халық санының 3%-ын қазақ халқы құрайтындығы туралы ақпаратпен бөлісіп, шетелден оралып Қазақстанға қоныстанған азаматтардың жоғары білім алып, адал еңбек етіп жатса, мемлекет тарапынан еленіп, үлкен биіктерге жете алатынына тоқталды.
Қазір қандастармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаттарының бірі – екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту екеніне назар аудартты. Сондай-ақ, екі ел Парламенттерінің өзара ынтымақтастықты дамыту үшін бірқатар мәселелерді шешуге уағдаласқанын жеткізді.
Отандастар қорының президенті А.Сапарбекұлы бастаған делегация мүшелері қазақтармен өткен кездесуден кейін Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының орталығына барды. Орталықта Қоғам тарапынан ұйымдастырылып жатқан қазақ тілі, домбыра, қазақша сөйлеу курстары туралы сөз қозғалды.
Биыл осы орталықта «Отандастар қоры»-ның ұйымдастыруымен өтіп жатқан домбыра курстарында 45 бала домбыра үйренген. Орталық қызметкерлерімен сұқбат барысында жергілікті қазақтар атынан сөз алған ауыл ақсақалдары мен жас буын өкілдері балалар мен жастар арасында қазақ тілінде сөйлеудің қиыншылықтарына тоқталды. Атап айтқанда, ауылда қазақ балабақшасының жоқтығы, бүлдіршіндерге арналған түрлі кітапшалардың болмауы, қазақ тілі мамандарының жетіспеушілігі туралы мәселелерге көңіл бөліп, Қазақстан, Елшілік және «Отандастар қорының» қолдауларына үлкен үміт артатынын білдірді.
Өз кезегінде, ресми делегация мүшесі, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара алдағы уақытта шетелдік тәжірибені зерттеп, қандастар арасында әр салада маман алмасу, екі жақты зерттеулер жасау сияқты мәселені қарастыру қажеттілігі туралы ұсыныс білдірді.
Қоғам қайраткері, жазушы Ауыт Мұқибек келешек ұрпаққа ана тілінде білім алуға мүмкіндік тудырудың бір жолы ретінде қазақ мектептерінің филиалдарын Моңғолияда ашу туралы ұсыныс айтты.
Жиын барысында қатысушылар, білім, әдебиет, өнер салаларында екіжақты тиімді әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды тілге тиек етті.
Кездесуге қатысқан ҚР депутаттары күллі әлемге тарыдай шашылған қандастардың әлеуметтік мәселелерімен бірге, шетелдегі қазақ жастарының Қазақстанда білім алуы мен стипендия мүмкіндіктері, көші-қон жайын да қозғады. Алдағы уақытта қандастарымыз тарапынан айтылған ұсыныстарға қатысты қажетті жұмыстар жүргізетіндіктерін жеткізді.
Кездесуде «Отандастар қорры» тарапынан ұйымдастырылған домбыра курстарына қатысушылар күй шашу жасады. Делегация мүшелері жылы лебіздерін білдіріп, балаларға сыйлық тарту етті.
Басқосуды қорытындылай келе, Қоғам президенті Абзал Сапарбекұлы Налайхта қазақ салт-дәстүрімен әдет-ғұрпын насихаттаушысы, қазақи нақыштағы қолөнер шебері Сайлау Түлкібайқызын «Отандастар қоры»-ның «Алғыс медалі»-мен марапаттады.
Құрылтайдың алғашқы күні Моңғолияның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары қандасымыз С.Зульфикар бастаған Ұлан-Батыр қазақтары атынан берілген қонақасымен түйінделді. Аталған қонақасына Ұлан-Батырдағы қазақ зиялылары мен түрлі саладағы жоғары қызметтегі белсенді қазақ жастары мен кәсіпкерлер қатысты.