2019 жылдан бастап Қазақстанда жас әрі талантты жастарды қолдау мақсатында Президенттік жастар кадрлық резервін құру туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің директоры Жандос Сәрсен Stan.kz тілшісіне жобаның талаптары мен бүгінгі күнге дейін істелген жұмыстар жайында айтып берді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі болу үшін қандай критерийлер мен талаптарға сай болу керек? Жандос Сәрсеннің айтуынша, мемлекет басшысы Президенттік кадр резервін қалыптастыру идеясын және жас әрі талантты кәсіпқойларды мемлекеттік қызмет жүйесінде ілгерілету қажеттігін өзінің сайлауалды бағдарламасында жария еткен. “Резервті қалыптастырудың негізгі міндеті – қоғамдық мүдделерді басшылыққа ала отырып, біздің еліміздің дамуына өзгерістер енгізгісі келетін "жаңа формацияның көшбасшыларын" іздеу арқылы жас таланттарға әрекетті әлеуметтік саты құру болып табылады.Резервті қалыптастыру қағидаларының 3-тармағына сәйкес резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттар келесі талаптарға сәйкес болуы қажет: жоғары білімі және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар 35 жастан аспаған азаматтар сынға түсе алады”, – дейді ол.Сонымен қатар жобаға шетелде жүрген Қазақстан азаматтары да қатыса алады. Барлық қатысушылар pkrezerv.kz сайтында іріктеуге өтінім бере алады.
Жобаға іріктеу талабына сәйкес келетін бүкіл азаматтардың қатысуына болады. Бірақ мемлекет басшысы өзі тағайындайтын кейбір мемлекеттік қызметтерге шектеулер болуы мүмкін.
Бұнымен қоса комиссия сынға түсетіндердің жұмыс істеу қабілетіне, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыратын соттылығының жоқ болуына, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасамағанына, бұрын сотталмаған болуына назар аударады.
Мемлекеттік қызметке іріктеу департаментінің директоры резервке іріктеуге қатысушыларды тіркеу ақпараттық-талдамалық интернет-ресурсында жүретінін сөз етті. Сонымен қатар, үміткерлерді резервке алу туралы жұмыстарды ұлттық комиссия өз мойнына алған. Оның құрамына түрлі лауазымдағы шенеуніктер кіреді. Жандос Сәрсеннің сөзінше, резерке кезекті іріктеуді осы жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізіледі. Резервке іріктеу 5 кезеңнен тұрады:- Бірінші кезең – үміткерлердің құжаттарын қабылдау;
- Екінші кезең – мәтіндік және цифрлық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;
- Үшінші кезең – жағдаяттық тапсырмалармен жұмыс істеу қабілетін тексеру; көшбасшылық қасиеттерін сынау.
- Төртінші кезең – комиссия мүшелерімен әңгімелесу. Бұл кезеңге тек алдыңғы кезең сынақтарынан өткен қатысушылар ғана қатыса алады.
- Соңғы кезеңде барлық кезең бойынша жоғары балл жинаған қатысушылар Ұлттық комиссияның отырысында резервке алуға ұсынылады.