Биыл мамыр айының қорытындысы бойынша, жиһаз бен тұрмыстық заттар бір жылда бірден 24,6% қымбаттады. Салыстыру үшін: бір жыл бұрын сектордағы баға 13,3% өскен еді, деп хабарлайды newsroom.kz.
ҚР өңірлерінің ішінде жиһаз мен тұрмыстық заттар бағасының ең көп жылдық өсімі Астанада байқалды: бірден 53,1%. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары: тиісінше 41,6% және 39,4%.
Сектордағы бағаның ең аз өсімі Маңғыстау облысында тіркелді: 7,8%. Одан кейін Павлодар және Жамбыл облыстары: тиісінше 11,7% және 14,5%.
Жиһаз сегментінде жатын бөлме жиһаздарының бағасы айтарлықтай өсті: бір жылда 28,2%.
Көйлек пен ішкиімге арналған шкаф 27,7%, үстел 23,9%, диван-төсек 23,2%, орындық 21,9% қымбаттады.
Ай сайынғы өсу динамикасын қарастыратын болсақ, биыл сектордағы бағаның ең көп айлық өсімі наурызда байқалды: 2,3%. Мамырда жиһаз және тұрмыстық заттар 0,5% қымбаттады.
Айта кету керек, бұған дейін, 2020-2022 жылдар аралығында бағаның ең көп айлық өсімі маусым айында, ал әр жылдары: 2020 және 2021 жылдары — 1,9%, 2022 жылы — бірден 6,2% өскен.
Ал, осы жылдың маусым айының қорытындысын күтейік, қымбатшылық динамикасы жалғаса ма әлде осы деңгейде қала ма?
Биыл қаңтар–сәуір айларында жиһаз өндірісі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді. 2023 жылғы қаңтар–сәуірде металл жақтаулары бар орындық және басқа да арнайы отыратын жиһаздар өндірісі 312,1 мың дана болды, бұл 2022 жылғы қаңтар–сәуірмен салыстырғанда 18,1% аз. Ағаш кеңсе жиһазының өндірісі 76,6 мың дананы құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 22,6% аз.
Сондай-ақ ас үй жиһазы өндірісі айтарлықтай төмендеді: биыл қаңтар–сәуірінде бірден 28,4%, 28,1 мың данаға дейін азайды. Асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісі 6,2%, 24,1 мың данаға; жатын бөлмеге арналған басқа да ағаш жиһаздар (төсек пен гардеробтардан басқа) 16,7%, 14,4 мың данаға дейін төмендеді.