Астана қаласының ашық кубогы өтті
Елордада көркем гимнастикадан Астана қаласының чемпионаты өз мәресіне жетті, деп newsroom.kz хабарлады Elorda.info сайтына сілтеме жасап.
Су жаңа спорттық кешендегі алғашқы жарыс. Жуырда ғана елордадағы көркем гимнастика шеберлеріне жаңа жаттығу залы беріліп, инрфақұрылымға қатысты мәселе шешілген болатын. Енді, міне, сол жерде алғаш рет қалалық ашық чемпионат ұйымдастырылды. Жыл сайын тұрақты өткізілетін жарысқа 300-ден спортшы қатысып, 3 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Үміткерлер бірнеше жас деңгейі бойынша және гимнастиканың бірнеше бағыты бойынша медальдар жиынтығын сарапқа салмақ.
“Биылғы жарысымыз жаңа ғимаратта өтіп жатыр. Бастысы, бұл ғимарат көркем гимнастиканың талаптарына сай. Бұл орталықтың ғимаратын бір жылға жалға алдық. Қазіргі таңда қыздарымыз дайындалып жатыр, балалар өте қуанышты. Аталмыш чемпионат жыл сайын наурыз-мамыр айында дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Осы жарыста Астана қаласының құрама командасын анықтайтын боламыз. Суырылып шыққан үздіктер алдағы көптеген жарыстарға қатысуға жолдама алады. Бүгінгі таңда мақсатымыз – көркем гимнастиканы елордада кеңінен дамыту және олимпиада тұрғысынан жас буынды дайындау”, – дейді Астана қаласының көркем гимнастика федерациясының президенті Сайранбек Әбілхайыр.
Жарыстың нәтижесінде қалалық құрама жасақталды. Іріктеуден өткен спортшылар алдағы халықаралық, құрлықтық және әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын болады.
Бұған дейін елордалық көркем гимнастшылар Грекия астанасы Афиныда өткен көркем гимнастикадан VIII «Афродита Кубогы» атты халықаралық турнирден төрт бірдей жүлделі орынды иеленді.