Елордалық волонтерлер нәзік жандыларға гүл шоқтарын таратты

Елордалық волонтерлер нәзік жандыларға гүл шоқтарын таратты

ашық дереккөзі

Бұл акция 3 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қыз-келіншектерге гүл шоқтарын сыйлады, деп newsroom.kz хабарлады Elorda.info сайтына сілтеме жасап. Еріктілер қаланың саябақтарында қыз-келіншектерге гүл шоқтарын таратты.

“Астаналық меценаттардың қолдауымен 200-ге тарта қызғалдақты таратып, аруларымызды қуанттық. Біздің волонтерлеріміз өте позитивті жандар. Олар Астананың кез келген ауа райында волонтерлікпен белсенді түрде айналысады. Бастысы – көңіл-күйіміз керемет”, – деді Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Олжас Амангелді.
Мереке қарсаңында гүл шоқтарын алған арулардың көңілдері көтеріліп, алғыстарын айтты. Оқушы және студенттерден құралған волонтерлер көктемгі мерекеде әйелдерге жақсы көңіл-күй сыйлау арқылы ерекше әсерге бөленгендерін айтады.
“Аналарымызды және әпке-қарындастарымызды мейрамда аз да болса көңілдерін көтергенімізге қуаныштымыз. Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, жұмыстарына толағай табыс тілейміз. Мерекелеріңіз құтты болсын”, – деді еріктілердің бірі Мейіржан Нұрлыбай.
Айта кетейік, бұл акция 3 жыл бойы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Айта кетерлігі, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы жастар саясатын жүзеге асыруда 14-35 жас аралығындағы жастармен жұмыс істейді. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында қалалық әкімдік жанынан 2014 жылы «Астана жастары» орталығы құрылған. Орталық еріктілер қозғалысын дамыту, жастар бастамаларын қолдау, NEET санатындағы жастармен жұмыс, құқықтық көмек көрсету, талдау, мониторинг, ақпараттық-әдістемелік жұмыс және тағы басқалар бойынша жұмыс атқарады. Орталық құрылғаннан бастап, волонтерлік қызметті өрістету мен жастар арасында әлеуметтік белсенділік мәдениетін қалыптастырумен айналысып келеді. Штабта бес мыңнан астам белсенді волонтер бар. Олармен 160-тан астам іс-шаралар өткізілген.

Жүктелуде...