Кешеден бері әлеуметтік желіде әнші Гүлнұр Оразымбетованың шахмат турнирінде ән айтып жатқан видеосы тарап кетті. Халық жерден алып, жерге салып жатыр.
Істің мән-жайына толық көз жеткізбейінше, қандай да бір пікір айтуға асықпау керек, деп
newsroom.kz хабарлайды
фейсбук парақшасына сілтеме жасап .
Мен – кәсіби телевизия маманымын. Монтаж, техника тілін бір кісідей түсінемін.
Бұл жерде ия, Гүлнұр фонограммамен айтып жатыр. Оны жасырып-жабудың қажеті жоқ. Фонограммамен айтатын жерлер болады.
Мысалы, кейбір залдарда қанша жерден жанды дауыста айтамын деп құлшынсаң да, айта алмайсың. Себебі, залдың акустикасы нашар. Немесе музыкалық аппарат техникалық жағынан сай емес. Ондай кезде ұйымдастырушылардың өздері фонограммамен айтуға кеңес береді.
Мұндай кезде залға фонограмманың дауысы естіліп тұрады. Микрофон қосылып тұрады. Бірақ, микрофондағы дауыс жәй ғана шығады.
Сондықтан да, фонограммамен айтқанда көп әншілер толық дауысын пайдаланбайды. Тек жанама қосылып тұрады. Микрофондағы дауысты телевизиялық пультте отырған маман ғана ести алады. Бәленің бәрі сол адамда болып тұр ғой. Тек микрофонның дауысын алып, халыққа таратып жіберіп отыр. Микрофондағы дауыстың өзін бұрмалағаны байқалады. Яғни, қысқан.
Бұл – үлкен залда беріліп жатқан есептік концерт емес. Жеке шығармашылық кеш емес. Сондықтан, барлық дауыс мүмкіндігін пайдаланудың қажеті жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, қасақана істеліп отырған әрекет. Әлгі адамды Гүлнұр сотқа берсе, 100 пайыз жеңіп шығады.
Енді менің айтайын дегенім, Гүлнұр – жақсы әнші. Дауысында өзіндік бояуы бар әнші. «Қорқыт» әнінен басталған әншілік жолы өте сәтті өтіп жатыр. Гүлнұрдың орындауындағы көп әндер халық арасына кең тарап, хитке айналды. Оны мойындау керек. Көпшілігіңіз Гұлнұрдың орындауындағы әндерді сүйсініп тыңдайсыздар.
Мен Гүлнұрды адам ретінде де жақсы танимын. Ешқандай өсек-аяң, хайппен жұмысы жоқ. Қылтың-сылтыңы жоқ әншілердің бірі. Ашық-шашық киінген кезі жоқ. «Таңшолпанда» қанша уақыт бірге жұмыс істеп, артық әңгімесін естіген жоқпын.
Халықтың арасында да бірге жүрдік. Ешқандай тәкаппарлық мінезін көрген жоқпын. Сахнада қалай, өмірде де сондай қарапайым.
Үйінде де қонақта болдық. Екі ұлын қалай керемет тәрбиелеген. Амандық-саулық сұрап, дастархан басында келелі әңгіме айта білетін ұлдар.
Сондықтан, бір видеоны көріп, бүкіл лас дүниені бір адамның басына барып құя салуға болмайды. Ол да – қазақтың қызы. Бірімізге әпке, бірімізге қарындас. Қазақ отбасы. Ұлдарының бойына қазақы тәрбиені сіңіріп өсірген Ана. Ұлдары домбыраның құлағында ойнайды.
Бір-бірімізді келемеж қылғаннан ешқандай абырой таппаймыз. Дұрысы, қателігімізді жасырып, жақсылығымызды асырып жүрейік.
Жүрегімізді махаббатқа толтырайық! ❤