Кәмелетке толмаған туған қызын зорлады деп айыпталған әке дәлелдердің болмауына байланысты ақталды, деп newsroom.kz хабарлайды inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірақ қыздың анасы балаға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттердің болғанын әрі қаныпезердің жазадан құтылуы әділетсіз деп санайды. Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айыпталушыға қатысты Қылмыстық кодексінің 124-бабы, 2-бөлігімен және 120-бабының 4-бөлігі бойынша іс қаралды.
Прокурор мен кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі сотталушыны кінәлі деп тануды және оған 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сондай-ақ олар сотталушыдан моральдық шығын ретінде 30 000 000 теңге өндіріп алуды талап етті.
Ал, күдікті мен мен қорғаушысы соттан ақтау үкімін сұрап, кінәсі анықталмағанын айтқан. Нәтижесінде сотталушының кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты сот ақтау үкімін шығарды.
"Сот талқылауы барысында сотталушының кінәсі расталмады. Заңды өкілдің, кәмелетке толмаған жәбірленушінің, сондай-ақ кәмелетке толмаған куәнің айғақтары іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, атап айтқанда сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен теріске шығарылды. Ақталғандарға қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тарту салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығы түсіндірілді", делінеді соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.Жәбірленушінің анасының айтуынша, ер адам алғаш рет қызын 10 жасында зорлаған. Әкесі анасын өлтіреді деп қорыққан қыз болған жайтты дер кезінде айтпаған көрінеді.
"Мен бұл туралы білгенде қатты таң қалдым. Сөзбен жеткізе алмаймын. Мен жағдайды жұбайымның отбасына айтқан кезде, бәрі мені ұрып-соғып: "сен біздің отбасымызды масқараладың, қызыңның тағдырына балта шабасың, ешкімге айтпа, деді. Мен психологтың көмегіне онлайн жүгіндім. Сол психолог бұл оқиғаны әлеуметтік желіде жариялап жіберіп, қылмыстық іс қозғалды", - дейді қыздың анасы.Жәбірленушінің қорғаушысы мен анасы сот шешіміне риза болмай аппеляциялық шағым түсірді. Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа да істі қарап, сот шешімін өзгеріссіз қалды.