Бензин және дизель жанармай отындарының бағалары тиісті органдардың бақылауында, деп хабарлайды newsroom.kz. Жалпы, жасанды және ойластырылмаған, теңгерімсіз бағаны ұстап тұру шын мәнінде елдің энергетика саласының қасіретін тудырады. Бағаның нақты деңгейін сақтай отырып, халықты қолдаудың барабар бағдарламасын әзірлеудің орнына нарық заңына қарсы ойнау әрекеті қазірдің өзінде кері нәтижелерге әкеліп соқтырды. Мәселен, электр энергиясы тарифтерін тежеу елдегі электр станцияларының қажетті инвестициясыз қалуына, одан әрі желілердегі көптеген апаттарға, сондай-ақ амортизацияның орасан зор деңгейіне әкелді. Екібастұз бен Риддер қалаларындағы төтенше жағдай өте айқын. Постфактум, президенттің тапсырмасы бойынша елімізде секторға күрделі салымдар ағынының жағдайын жақсартуға арналған «инвестицияға айырбас тарифі» бағдарламасы іске қосылды.
Мұнай өнімдерінің бағасына келер болсақ, Қазақстанда оның әлемдегі ең төмен бағалардың қатарында екені белгілі. Осылайша, Қазақстан ең арзан бензині бар 10 елдің және ең арзан дизель отыны бар 15 елдің қатарына енді. Көрші елдермен, Еуропа мен Америкамен айырмашылық бірнеше есе болуы мүмкін. Толық ақпарат инфографикада берілген. Жалпы, ҚР-дағы бензин мен дизельдік отын бағасының өзгеруін тарихи динамикамен қарастыратын болсақ, өсімнің басқа әлеуметтік маңызы бар өнімдер мен тауарлармен салыстырғанда қалыпты қарқынмен болғанын атап өтуге болады. Төмендегі инфографика секторда ешқашан айтарлықтай секіріс болмағанын көрсетеді; сонымен қатар белгіленген баға ұзақ уақыт бойы бір деңгейде сақталады, өйткені оны уәкілетті органдар арқылы мемлекет реттейді. Мәселен, еліміздің Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2018–2022 жылдары дизель отынының бағасы Қазақстанда 29,2%, ал басқа елдерде 75%-дан астамға қымбаттады. Доллармен есептегенде ҚР-да дизель отынының бағасы 5 жыл ішінде мүлде өзгермегенін бөлек атап өтеміз. Жағдай бензин бағасында да ұқсас. Бұл ретте мұнай өнімдерін өндіруді одан әрі ұлғайту және тапшылықты ауыздықтау бағытында бірқатар шаралар жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн.