Ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде ғана емес, жиі киіп жүрсе керемет болар еді, деп хабарлайды newsroom.kz inbusiness.kz дереккөзіне сілтеме жасап.
Осындай тілегін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен ауызашар дастарханында айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
"Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі. Осыны жастарға түсіндіру қажет. Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.