Биылғы Наурыз мейрамы Түркістан облысында 10 күн бойы 10 түрлі атаумен атап өтіліп, өңірде онкүндіктің алғашқы шарасы «Наурыз - тазалықтың айнасы» атауымен сенбіліктен басталған болатын, деп Newsroom.kz хабарлайды.
10 күндік шарасы аясында облыста өткен ерекше шаралар аясын портал тілшісі зерделеп, назарыңызға ұсынады.
«Спорт – денсаулық кепілі» ұранымен бұқаралық жүгіру марафоны өтті
Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай, «Спорт – денсаулық кепілі» ұранымен бұқаралық жүгіру марафоны өтті. Бұл іс-шараны Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және Түркістан қаласының әкімдігі ұйымдастырды. Ұйымдастырылған марафонға 500-ге жуық адам қатысып, бұқаралық спортты қолдайтындарын көрсетті. Олардың арасында спорт саласының мамандары мен жастары, аға буын мен кішкентай балалар да бар. 66 жастағы түркістандық ардагер спортшы Марат Божбанбаев мұндай спорттық шаралар адам ағзасына өте пайдалы екендігін тілге тиек етті. Мерекелік сайыста 35 жасқа дейінгі жастар арасында бас жүлдені Ардашер Захадинов иеленсе, күміс алқа Ақниет Абдурасилұлына тиесілі болды. Ал қола жүлде Ердаулет Абеновке бұйырды. Сондай-ақ 35 жастан жоғары ерлер арасында Еркін Жадырисов алтын алқаны иеленсе, екінші орынды Марат Нұрмаханов еншіледі. Қола жүлдеге Ертай Қамбаров қанағат етті. Қыздар арасында 35 жасқа дейінгі қатысушылар арасында бірінші орынды Гулнәр Искакова иеленсе, күміс жүлде Ксения Самсоноваға бұйырды. Ал қола жүлдеге Диана Сейтенова қол жеткізді. 35 жастан жоғарылар арасында жеңімпаз атанған Малика Есжанова өзінің жылдамдығымен көпшілікті таң қалдырды. Күміс жүлде Фариза Мұсаеваға және қола жүлде Гүлшара Акимбекова бұйырды.
15 наурызға «Наурыз – ұлттық дәстүр мен меймандостық мерекесі» деген айдар тағылды
15 наурызға «Наурыз – ұлттық дәстүр мен меймандостық мерекесі» деп айдар тағылып, барлық аудан, қалада әкімдіктері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері жұмысқа қазақтың ұлттық киімін киіп келді. Ұлттық болмысымызды, мәдениетіміз бен киімімізді дәріптеуге арналған бастаманы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастап берді. Әріптестерін келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаған өңір басшысы облыс әкімі аппаратының кезекті отырысын өткізді.
«Этноауыл» кешенінде «Наурыз – татулықтың түпқазығы» атты мерекелік іс-шара өтті
Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешенінде Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Наурыз күні мерекесіне арналған «Наурыз – татулықтың түпқазығы» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік шарада ұлттық спорт түрлерінен ойындар көрсетіліп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен танысу, этномәдени бірлестіктер мүшелері өнерпаздарының концерттік бағдарламалары ұсынылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев көпшілікті мерекемен құттықтады.
«Наурыз бата» атты батагөй қариялар арасында бата беруден байқау өтті
Түлкібас ауданындағы мәдениет үйінде Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық дәстүрді дәріптеу, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Наурыз бата» атты батагөй қариялар арасында бата беруден байқау өтті. Тарих тақтасына жазылған көсемдер мен шешендердің тапқыр сөздері бүгінгі ұрпақтың сана-сезіміне ұялап, келешегіне бағыт-бағдар беретін, арман-мақсаттарына жетелейтін өсиет. Бабалар өсиетін, даналық ұғымын ұрпағына үлгі еткен қариялар аудандық байқауда өз шеберліктерін ортаға салып, 2 бөлім бойынша бақтарын сынады. Сайыс қорытындысымен Бас жүлде – «Ең батагөй қария» атағын Майлыкент ауылдық округінің намысын қорғаған Абдалимов Аманбай ата қанжығасына байлады. ІІ орынды Түлкібас кентінің атынан шыққан Дәулетов Ермахан мен Шақпақ ауылдық округінің батагөй қариясы Бейсетаев Ермек иеленсе, жүлделі ІІІ орыннан Тастұмсық ауылдық округінен Бейсенбаев Орынбек ата көрінді.
«Жақсы келін – шаңырақтың ырысы» атты жас келіндер арасында байқау өтті
Сарыағаш ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай, «Жақсы келін – шаңырақтың ырысы» атты жас келіндер арасында байқау өтті. Байқаудың мақсаты – қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жастар арасында кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту. Отбасының ұйытқысы болған жас келіндерді ақылдылық пен парасаттылықтың, инабаттылықтың үлгісі ретінде өскелең ұрпаққа көрсету. Аталған шарадаға ауданның 9 келіні қатысып, бақтарын сынады. Қатысушылар «Келіннің бір күні», «Ісмер келін», «Ұрпақ тәрбиесіндегі келіннің сәбилерге арнаған жырлары», «Ақылды келін – отбасының ұйытқысы» тақырыптарындағы тапсырмалар бойынша өнерлерін ортаға салды. Аса дайындықпен келген келіндер сайыста ерекшеліктерімен жұртты сүйсіндіріп, көптің көңілінен шықты. Қорытынды бойынша тартысты сайыста І орынды Аликулова Гулфарида жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды Жүсіпова Айжан иеленсе, ІІІ орынды Қасымова Толғанай қанжығасына байлады. Байқауға қатысушы Исабекова Гулжамал «Іскер келін», Омарова Назгүл «Инабатты келін», Пернеева Феруза «Өнерлі келін», Мықтыбай Сандуғаш «Шебер келін», Еркінбек Назерке «Парасатты келін», Тұрғынбаева Айдана «Көрікті келін» номинацияларын иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.
«Шұғылалы таң» қайырымдылық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Наурыз – жаңару айы» атты іс-шарасы өтті
Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «Шұғылалы таң» қайырымдылық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Наурыз – жаңару айы» атты іс-шарасы өтті. Мерекелік шараға ерекше күтімді қажет ететін балалар қатысып, қошеметке бөленді. Кешті ұйымдастырудың мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, патриоттық сезімдерін ояту. Аталған шарада «Шұғылалы таң» қайырымдылық қоғамдық қорының төрайымы Дана Орманова бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, олардың болашағынан көп үміт күтетін айтты. Талантты балалар әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер өнерлерін ортаға салды. Ерекше күтімді қажет ететін өнерлі балаларға сый-сияпаттар табысталды. Сонымен қатар қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, «САҚ» киностудиясының «Наурізек» анимациялық фильмі кішкентай көрермен назарына ұсынылды.
Түлкібас ауданында ұлттық спорт түрлерінен аламан жарыс өтті
Түлкібас ауданында ұлттық спорт түрлерінен аламан жарыс өтіп, мықты деп танылған дарабоздар марапатталды. Білекті әрі жүректі өрендер ұлттық спорт түрлері көкпар, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлерінен тартысты жарыс өткізді. Бұған бүкіл аудан, ауылдардан ең талантты деген саңлақтар шақырту алыпты. Көкпар ойыны өте тартысқа толы болды. Жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген «Сарытөр» командасы бас жүлдеге ие болды. Ал «Алаш» командасы күміс жүлдегер атанса, «Жабағылы» командасына қола жүлде бұйырды.Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры Болат Қонаев ұлттық спортты дамыту жұмыстары қарқынды екенін айтты. Республика бойынша ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқан Түркістан облысы қазір көш басында тұр. Аударыспақтан да таланттылардың есімдері белгілі болды. 60 келі салмақта Ермек Құралбайдың бағы жанса, 70 келіде Дарын Өтелбай да алтын медаль иеленді. 80 келіде өнер көрсеткен Ғабит Ағабек те жеңістің шыңын бағындырды. Кезінде көкпардан Кеңес одағының 9 дүркін жеңімпазы атанған даңқты ардагер спортшы Әбілхан Дауылбаев ұлттық спорттың дамуына жоғары бағасын берді. Жастар мен жасөспірімдер арасында жамбы атудан жеңімпаздар мен жүлдегерлер де анықталды. Бас жүлдені Батыр Бексауыт иеленді.
«Керуен сарай» кешенінде «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекесі атап өтілді
Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекесі атап өтілді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады. Түркістан төріндегі айрықша мерекеде концерттік бағдарлама ұсынылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормония әртістері әннен шашу шашса, «Art-east» би ансамблі, Р. Сейтметов атындағы театр актерлері «Тіршілік бастауы – Наурыз» театрландырылған музыкалық- хореографиялық қойылымын ұсынды. «Яссы», «Фараб» би топтары да көрерменді сергітті. Мерекеде Наурыз, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, отаншылдық дәріптелетін әндер шырқалды. Облысқа және республикаға танымал әншілер өнер көрсетті. Киіз үйлер тігіліп, қонақтарға есігін айқара ашты. Күндізгі сағат 11.00-де салтанатты түрде бастау алған мерекелік шара кешке дейін жалғасын тапты.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдар көрмесі өтті
Қазақ халқы ежелден табиғи өнімдерді тұтынған. Мал шаруашылығын қолға алып, төрт түлікпен біте қайнасқан бабаларымыз әсіресе малдың еті мен сүтінен өте көп тағам түрлерін дайындаған. Наурыз думанын кең көлемде тойлауға арналған биылғы жылдың күнтізбесіне енген Ұлттық тағамдар көрмесінде төл тағамдарымыз молынан жасалды. Сонымен қатар ұмыт болып бара жатқан кейбір тамақ түрлері дәл осы күні жаңғыртылды. Әсіресе, төрт түліктің сүтінен жасалатын тағамдардың орны ерекше. Ата - бабадан мирас болып қалған дәмі тіл үйіретін тағамдарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінді.
Наурыз мейрамында өңірде «Бірге – таза Қазақстан» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды
Түркістан облысында Наурыз мейрамында өңірде «Бірге – таза Қазақстан» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Игі шараға Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйытқы болып отыр. Акцияға облыстағы 17 аудан, қалада сенбіліктер ұйымдастырылып, аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері мен тұрғындар белсене қатысты. Облыс орталығындағы жалпы сенбілікте мемлекеттік қызметкерлер қаладағы арық-атыздарды және көше бойларын күл-қоқыстан тазалап, ағаш түптерін әктеп, жеміс және сәндік ағаш көшеттерін екті. Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау мақсатында өңірде елді мекендерді жасыл желекпен көмкеру тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Бұл жолғы акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру.
Әз-Наурыз мерекесінде мұқтаж жанұяға баспана кілті табысталды
Облыс орталығындағы «Бекзат» тұрғын алқабында тұрғындар Наурыз-думан өткізіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеді. Әз-Наурыз мерекесіне арналып ұйымдастырылған шарада жылдағы үрдіс бойынша мұқтаж жанұяға баспана кілті табысталды. Игі іске мұрындық болған 1992 жылы туған азаматтарға алғыс білдірген қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жаңа үйдің лентасын қию рәсіміне қатысты. Ұйымдастырушылардың бірі Нұрбек Әшіровтің айтуынша, көп болып жұмылып, бірлікпенен тірлік қылған құрдастардың ізгі амалды жүзеге асыруда үлесі мол.
“3 бөлмелі заманауи тұрмыстық техникамен жабдықталған жаңа үйдің кілті көпбалалы жалғызбасты анаға табысталады. Сауабы мол іс 1988 жылғы азаматтардан бастап қолға алынып, жыл сайын дәстүрге айналған. Қуаныштымын әрине. Біз әрқашан жалынды, патриот жастармен мақтанамыз. Қайырымдылық эстафетасын жалғаған жастар үйдің құрылыс жұмыстарын түгелдей өз күшімен жүргізгені шынында құрметке лайықты әрекет”,- деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
«GASTRO FEST TURKISTAN - 2023» фестивалі өтті
Наурыз мейрамына орай облыс орталығы Түркістан қаласында «GASTRO FEST TURKISTAN - 2023» фестивалі өтті. Гастрофестиваль – Түркістан қаласының көрнекті белгісіне айналатын, өңірдегі қоғамдық тамақтандыру саласын дамытуға және гастрономиялық брендін қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған аймақтағы ауқымды аспаздық бірегей шара. Жәрмеңкені Түркістан облыстық Туризм басқармасының «Open Turkistan» туристтік ақпараттық орталығы ұйымдастырды. Қаланың 30-ға жуық мейрамханасы мен дәмханасы гастрофест қонақтарына ұлттық тағамдар, жергілікті деликатестер және стрит-фуд дәмділері, тәттілер мен сусындарын ұсынды. «Ұлы Дала елі» орталығының аймағында өткен іс-шараға алыс жақын елдерден және өзге де аймақтардан 10 мыңнан астам қонақ қатысты.