Функционалды протез өндіріп, әзірлеумен айналысатын ресейлік «Моторика» компаниясы Алматыда протез-қолдың моделін, білезік және білек протездерінің қалай жұмыс істейтінін таныстырды, деп newsroom.kz хабарлайды forbes.kz дереккөздеріне сүйене отырып.
Өз өнімдерін таныстыру барысында компания өкілдері қазақстандық үш жасөспірімге кибер-протез тарту етті. Компания өкілдерінің айтуынша, «кисти киби» протезін 2 жастан бастап киюге рұқсат. Бұл протездің дизайны да ерекше. Сүйікті мультфильм кейіпкерінің бейнесінде деуге болады. Смартфонмен байланысатын сенсорлы тақтасы бар. Бұлшық етті дамытып, жаттықтырады. Салмағы – 200–300 грам.
Аталған компания алты жылда 4000 қол протезін жасапты. Бүгінде бұл протездер әлемнің 14 елінде қолданыста, оның ішінде БАЭ, Малайзия, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Үндістан, Франция және ТМД елдері де бар.
«Өз-өзіңді қабылдай білу маңызды»
Белгілі модель Айман Молдабекова «Моторика» компаниясының протезін алғаш қолданған жерлесіміздің бірі. Бүгінде Айманның өз жеке мобилография агенттігі бар.
– Мен өмірге оң қолсыз келдім, - дейді ол. – Бұл протезді бала кезімде кисем, мүмкіндік көп болар еді. Керілген кезде байлауы тартылып, қозғалуға ыңғайлы. Бала кезімде косметикалық протез кидім. Ол өте ыңғайсыз еді. Жаңа протезді 2016 жылы 21 жасымда алдым. Бұл менің арманым болатын. Бірде танымал сән апталығына шақыру келді, ұйымдастырушылар дизайнерлік технологиялық протезге жарнама жасауды ұсынды. «Жол шығынын өзім-ақ төлеймін. Маған протезді сыйлыққа берсеңіздер» деп талап қойдым... Көшеге протезсіз шықпаймын. Ол маған сенім береді.
Протезге күтім керек пе?
– Әрине, үнемі жұмыс күйінде, қозғалыста ұстау керек. Бұл күрделі механизм. Егер қолданбаса, түр-сипатын жоғалтады. Ыңғайлы болу үшін теріге кигізетін материалы бар. Қажап, ауыртпайды.
Жиі ауыстырасыз ба?
– Жоқ, күтіп ұстасаң, ұзақ уақыт қолданасың. Мен суда жүзгенді жақсы көремін, әсіресе, демалысқа шыққанда. Жерорта теңізінің суы өте тұзды екен. Протез кішкене еріп кетті. Жөндеуге беретін уақыт жоқ, жұмыс істеу керек. Жүгірумен, жүзумен, жеңіл атлетикамен, йогамен айналысамын. Орыс, ағылшын, түрік тілдерін білемін. Өзімді өзгелерден кем санамаймын. Психологпен жұмыс істеп, өз болмысымды қалай бар, солай қабылдауды үйрендім. Бұл өте маңызды... Сән саласында жұмыс істеу арманым еді. Әлемді саяхаттап, шарлағым келеді. Қазір бар күшімді салып, өзімді дамытып, жұмыс істеп жүрмін. Болашақта мұқтаждарға протез жасап, көмек бергім келеді...
Бала кезімде мектепке барғанда қиналдым. «Бәрінің қолы бар, ал сенікі қайда?» – осы сұрақты естігім келмейтін... Әжемнің қолында өстім. Протез киетін балаға ата-анасының қолдауы керек. Өмірде бір-біріне ұқсайтын адамдар көп. Ал сен ерекшесің. Ата-анасы баласына: «Сен ерекшесің!» деп жігер бергені дұрыс.
«Бұл тұқым қуалайтын дерт емес»
4 жастағы Никаның тынымсыз екені көрініп тұр. Анасы Динара, «Моториканың» таныстыру шарасына арнайы келгенін айтады.
«Интернеттен протез жайлы оқып, оны арнайы көруге келдік. Ника белсенді, бір орында тыныш отырмайды. Қызымызға ұнай ма? Көтеріп жүру қиын емес пе? «Мәскеуге барып, қолдың өлшемін алу керек» деп естігенбіз, енді бұл протездерді елімізде жасатуға болатынын біліп, қуанып отырмыз. Протездің қолданылу мерзімі бір жыл: баланың сүйегі өскесін, ауырсынуы мүмкін.
...Ника өмірге осылай келді. Білезігінің не себепті дұрыс дамымағанын дәрігер түсіндіре алмады. 10 мың баланың біреуі өмірге осылай келеді екен. Бұл тұқым қуалайтын дерт емес, кез келген адамда кездесуі мүмкін. Сәби күткен аналар өз-өзін күткені жөн», - дейді Никаның анасы.
«Артельге» алғыс
Кездесуге келген бір топ ата-ана мемлекеттің протездеу талабы қайта қаралса деген өтініш білдірді. «Шетелден тапсырыс беруге кез келген адамның мүмкіндігі жоқ. Ал елде жасалатын протезге балалардың үйренуі қиын. Протездің бағасы да қымбат әрі мүмкіндігіне қарай құны да өзгеріп отырады» дейді олар.
Жиын соңында отандық «Артель» қайырымдылық қоры протезге мұқтаж жандардың тізімін жасап, оларға тегін алуға көмек көрсетуге әзірлік танытты.
Қор жетекшісі Алёна Данилова: «Қайырымдылықпен бұрыннан айналысқым келетін, бірақ неден бастарымды білмедім. 2019 жылы протез алған қыз баланың қуанғанын көріп, осындай ерекше балаларға көмектесемін деп шештім. Қазір жамбылдық Бауыржан есімді 5 жастағы балақайға ақша жинап жатырмыз. Диагнозы – сол жақ білектің ампутациясы. Ата-анасының өз еркімен протез алуға жағдайы жоқ», - дейді.
Айта кету керек, соңғы екі жылда «Артель» қайырымдылық қоры қазақстандық 21 баланың «Киби-Батыр» атануына көмектесіпті.
Фото: Forbes.kz