Түркістан облысы «Ұлы Дала Елі Орталығына» қарасты Нәзір Төреқұлов музей филиалы туралы жалпы мәлімет
Қазақтан шыққан тұңғыш дипломатқа арналған Нәзір Төреқұлов музейі 2006 жылы қараша айында қоғамдық негізде Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ақын Нұрмахан Назаровтың басшылығымен Түркістан қаласындағы Саттар Ерубаев музейінде бір бөлме болып ашылды. 2008 жылдың наурыз айынан ресми түрде Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің филиалы ретінде өз жұмысын бастады. Музейдің ресми ашылуына сол кездегі Сыртқы істер министрі болған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев арнайы қатысты. Бұл жайында музейдің кіре берісінде сол тарихи сәттен суреттер сөйлеп тұр. Музейдің экспозициясын құрастырған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері, дизайнер Аманжол Найманбай болса, Нәзірдің насихатталуына мол үлес қосқан азамат Ыбырай қажы Исмайыл. 2018 жылы тамыз айынан бастап Нәзір Төреқұлов музейі Түркістан облыстық Тарихи-мәдени-этнографиялық орталыққа қарасты музей филиалы. 2021 жылы Ұлы Дала Елі Орталығына қарасты музей филиалы болып бекітілді. Музей ғимараты бір қабаттан тұрады. Ауданы 221,5 ш/м аумақты құрайды.Музей жалпы «Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметінің белестері», «Нәзір Төреқұлов- дипломатия Көшбасшысы» және «Кино зал» сынды үш залдан тұрады.«Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметінің белестері»
Музейдің алғашқы бөлмесі «Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қызметінің белестері» атты бөліммен басталған. Жағалай қойылған экспонаттардың басын ұлттық мүдделерге қызмет етудің үлгісін көрсеткен көрнекті қайраткерлер туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі бастайды. Нәзір Төреқұловтың атамекені, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бейнеленген суретте тұлғаның ата-анасы мен бауырлары жайында деректер де осы экспонаттан көріс тапқан. Сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы Түркістан жері мен Сыр бойындағы қоржын үйлер де тарихтан сыр шертеді. Н.Төреқұлов халықаралық қайырымдылық қоры жасаған Нәзірдің портреті бейнеленген кілемше де музей ажарын ашып тұр. Тұлғаның өз қолымен жазылған өмірбаяндары мен ол оқыған Қоқан, Самарқанд қалаларының ХХ ғасыр басындағы көріністері де музейге келген қонақты қызықтырмай қоймайды. Қоқанда Нәзір дәріс алған медресе есігінің суреті де осы экспонатта. Нәзірдің інісі Әбдіқадір мен өзі оқыған Қоқандағы сауда училищесінің суреттері қойылған экспонаттан 1914 жылы аталған оқу ордасының оқытушылары мен тыңдаушылар арасында түскен суреті де құнды дерек болып саналады. Алаш арыстары бейнеленген экспонатта өзіндік сырға толы. Нәзірмен ниеттес, тағдырлас тұлғалар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышпаев, Міржақып Дулатов, Санжар Асфендияров, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Смағұл Сәдуақасовтың суреттерімен қоса, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың тұлғалар жайында айтқан сөздері ілінген. 1920 жылы В.В.Куйбышевтың Ташкентке келу сәтінен фото сурет берілген. Қазақ оқытушылар институтының тыңдаушыларының суреттері мен В.В.Куйбышевтың сөздері берілген экспонаттан да талай сыр көруге болады. Нәзірмен қызмет атқарған Орталық комитет мүшелерінің суреттерін экспонат ретінде көре аласыз. Сонымен қатар ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы өзбек колхозшыларының бейнесі де ешкімді бей-жай қалдырмайды. Тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов қол қойған құжаттар,бұйрықтар мен журналдардың көшірмелерімен де осы залдан таныса аласыз. Сонымен бірге тұлға жазған мақалалардың бір тобын осы жерден де аңғаруға болады. 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық түркітанушылар съезінде Н.Төреқұловтың сөйлеген сөзінен үзінділер берілген экспонаттың жөні бөлек. Бұл жиында ол латын алфавитіне көшуді ұсынады. В.И.Лениннің «Латындану шығыстағы зор революция» деген сөзі де осы экспонатта және съезден түскен Нәзір суреті де қалыс қалмаған. 1929 жылы түскен Кеңес одағының басшылары И.В.Сталин, М.И.Калинин, В.М.Молотовтың және өзге де сала басшыларының суреттерімен көрермендер таныса алады. «Ұлт мүддесі және мектеп» атты баяндамасының басты қағидаларын тағы бір экспонаттан байқай аласыз. Мұнда музейге келген жұртшылық оның толық нұсқаларын көре алады. Н.Төреқұловтың сегіз қырлы, бір сырлы жан болғанын оның Мәскеуде 1923 жылы «Темірқазық» атты журнал шығарғанымен де байланыстыруға болады. Үш қана саны жарық көрген журналдың мұқабасын да осы жердегі экспонаттан байқай аласыз. Бұл экспонатта Нәзірдің журналдың алғашқы санында жазған алғы сөзінен үзінді мен Ескендір Шынтасұлының өлеңі қойылған. Нәзір өткен ғасырдың 20 жылдарында Мәскеуде оқыған қазақ жастарының қамқоршысы да болған. Олардың қатарында Өтебай Тұрманжанов, Бейсембай Кенжебаев, Жүсіпбек Арыстанов сынды ақындар мен ғалымдар, қаламгерлер де бар. «Біздің қазақтың мақал-мәтелдері мол дүние. Өтебай, сен алдағы кезде соны жина!»,- деген аға Нәзір сөзі де экспонатқа енген. Сонымен қатар сол кезеңдері Мәскеуде білім алған қазақ жастарының бертінде түскен суреттері де бар. «Біздің Ғани» атты экспонатта Мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұловтың Ғани Мұратбаевты Мәскеуде жерлеу кезінде сөйлеген қоштасу сөзінен үзінділер келтірілген. Мұнда ол қайғыра, тебірене сөйлеп тұрған сәтінен сурет берілген. Нәзірдің сурет салу өнерінің шебері болғаны да белгілі. Өз қолымен салған түрлі суреттері «Нәзір салған суреттер» деген атпен экспонат болып тұр. Мұнда сырға толы суреттерден көрермен өзіне рухани азық ала алады. «Нәзір айтқан толғаулар» атты экспонаттан тұлғаның ел, тіл,білім жайында айтқан сөздері берілген. Мұнда да көрермен өздеріне ой түйеді. «Нәзір жолы» картасы тұңғыш дипломаттың жүріп өткен жолдарынан сыр тартады. Нәзірдің қызмет еткен қалалары мен жүрген жолдарының ізін бейнелейтін картаның музей үшін маңызы ерекше.«Нәзір Төреқұлов – дипломатия Көшбасшысы»
Музейдің келесі «Нәзір Төреқұлов – дипломатия Көшбасшысы» деп аталатын залы да құнды экспонаттармен ерекшеленеді. Мұндағы Нәзірдің Сауд Арабиясында елшілік қызметтегі пайдаланған жазу столы мен орындығы туристерді қызықтырмай қоймайды. Нәзірдің әкесі Төреқұлдың құманы мен анасы Гүлбаһрам тартқан қол диірмен де музейдегі құнды экспонаттар қатарында. Нәзірдің пайдаланған қол сандықтары мен сия сауыты, жазу машинкасы да өзіндік маңызға ие. Сондай-ақ нәзіртанушы, белгілі ғалым Рахманқұл Бердібайдың қол папкасы Нәзір столының үстінде тұр. Музейге кәде сый ретінде әкелінген қалам салғышта көздің жауын алады. Бүгінде таңсық экспонат саналатын патефон да осы залда орналасқан. Бұл экспонатты Нәзір Сауд Арабиясындағы қызметте жүргенде тыңдаған. Музейге келген жұртшылыққа бұл экспонат өзіндік сырын ақтарып тұрғандай. Белгілі нәзіртанушы ғалым Тайыр Мансұровтың тұлға жайында жазылған барлық еңбектері дерлік кітап сөрелерінен құралған бірінші айнадан анық көрініп тұр.Нәзір жайында шет ел ғалымдары да жылы лебіздерін аямаған. Олардың қатарында академик Е.Примаков та бар. Бұл лебізде академик Н.Төреқұловтың 8 жыл Сауд Арабиясындағы елшісі қызметін атқаруын сол кездегі рекордтық мерзім деп бағалайды. Сауд Арабиясының картасы. Меккедегі Әл-Харам мешіттерінің және қасиетті Қағба суреттері берілген экспонаттар да зер салуды сұранып тұр. Сондай-ақ мұнда Нәзірдің Түркістан Республикасы орталық атқару комитетінің төрағасы болған жылдарында демалыс күні жексенбіні жұмаға, Құрбан айттың үш күнін мереке етіп жариялау туралы жарлығы жайында да мағлұматтар бар. Келесі экспонатта тарихи сәттерге толы. Сауд Арабиясы Абдел Азиз әл- Саудтың суреті мен Ханзада Фейсалды Беларусь вокзалынан күтіп алу сәті және Ленинградтағы түскен суреттері күні бүгінге дейін маңызын жоймаған экспонаттар. КСРО-ға Ханзада Фейсалдың ресми сапарына орай дипломат Нәзір Төреқұловтың жасаған бағдарламасы жеке экспонат болып ілінген. 1927 жылы КСРО ОАК төралқасының Төреқұловты Хиджазға өкілетті өкіл етіп тағайындау туралы қаулысының көшірмесі бейнеленген тарихи экспонатта Король Абдел Азиз әл-Саудтың Н.Төреқұловтың Хиджазға келуі туралы КСРО ОАК призидумының төрағасы М.И.Калининге жолдауы және Төреқұловтың КСРО-ның төтенше елшісі және өкілетті министрі болып тағайындалуына байланысты жолдаулары бар. Н.Төреқұловтың Сауд Арабиясындағы беделді дипломаттар қатарында болғанын Жиддада тіркелген шет ел дипломаттарының Ханзада Фейсалмен түскен суреттеріндегі оның Ханзада жанынан орын берілуінен байқау қиын емес. Сонымен қатар бұл экспонатта Нәзір қол қойған құжаттармен де танысуға болады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Нәзір тұтқындалған Мәскеу қаласындағы НКВД ғимараты және тұтқындау қағазы мен дипломаттың соңғы суреті көзге еріксіз жас үйдіреді. «Жазықсыз жала құрбаны» атты экспонатта жазу машинкасы мен НКВД қызметкерінің бас киімі суреті қойылған және тұлғаның өмірбаяны мен анықтамалар көрініс тапқан. Алматы қаласы жанындағы Жаңалық елді мекеніндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш суретінің берілуі Нәзірмен тағдырлас тұлғаларды еске түсіреді. А.Алимовтың «Нәзірдің өмірі» атты картинасы көрерменге үлкен ой салады. Аталған залдың жоғары қабырғаларында Нәзірмен тағдырлас Алаш арыстарының суреттерімен қоса өмірбаяндары берілген. Халқының қамын жеген арда ұлдар Нәзір Төреқұловтан бастап, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды өзге де тұлғалар өмірбаяндарын музейге келген жұртшылық құнды экспонаттар қатарында қабылдайды. Олардың есімі қашанда ел есінде.Кино зал
Музейдің үшінші бөлмесі «Кино зал» деп аталады. Мұнда Нәзір жайында түсірілген «Тау тұлға», «Өмір жолы» атты деректі фильмдер мен саяси қуғын-сүргін құрбандары мен сонау 30 жылдардағы ашаршылықты көз алдыңа келтіретін «Зұлмат», «Ашаршылық» сынды өзге де фильмдер көрермендер назарына ұсынылады. Кино залдың айналасы Нәзірге арналған экспонаттардан тұрады. Бұл экспонаттар легі «Нәзір хақындағы сөз» атымен Файзулла Ходжаев, Рахманқұл Бердібай, Темірбек Қожакеев, Мұхтар Мағауин, Бейбіт Қойшыбаев, Сәрсен Бек Сахабат сынды қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен қаламгерлердің жылы лебіздерімен басталады. Келесі экспонат Нәзір Төреқұловқа арналып атамекені Түркістан қаласында ашылған нысандардан суреттермен бедерленген. Мұнда тұлға есімін иеленген мешіт-медресе, кітап үйі, музей мен орта мектептердің ашылу салтанаттарынан тарихи суреттер қойылса, Н.Төреқұлов атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларына Нәзірдің артында қалған ізі Әнел Нәзірқызының Мәскеуден арнайы жолдаған сағыныш хаты да тебірентпей қоймайды. Мұнда кейуана өзін меңдеген дерттің салдарынан әкесінің атамекеніне келе алмағанына қатты өкінішін білдіріп, мектеп ұжымына ризашылығын жасырмайды. Нәзір шығармашылықты жанына серік еткен жан. Оның жүрегінен жыр болып төгілген өлеңдері де кезінде басылым беттерінде жарық көрген. Соның бірі 1919 жылы жарияланған «Адамдар арасында» атты өлең шумақтары. Аталған өлең осы залда экспонат ретінде ілінген. Нәзірдің алғашқы жары, татар қызы Мариям Нигматуллина мен жастай шетінеген ұлы Фарухтың суреттері тұлға өмірінің сағынышты сәттерінен көріністер береді. Қызы Әнелмен бірге түскен суретінде сәбидің әке қасындағы бақытты шақтары көз алдыңа келеді. Нәзіртанушы ғалым Тайыр Мансұров, халықаралық «Нәзір» қорының негізін қалаған Ыбырай қажы Исмайыл және Мәдениет қайраткері Аманжол Найманбаевтың суреттері де музейдегі экспонаттар қатарына орын алған. Сондай-ақ бұл экспонатта академик Е.Примаковтың Нәзір жайындағы лебізі тағы да ұшырасады. «Семей-Невада» қозғалысының төрағасы, белгілі ақын, саясаткер Олжас Сүлейменовтың Тайыр Мансұровқа жазған достық хаты да осы экспонатта тұр. Нәзірдің жоқтаушысы болған Ы.Исмайыл оның артында қалған жалғыз тұяғы, қызы Әнелді Мәскеуге іздеп барған кездегі түскен суреті бүгінде музейдегі құнды экспонаттар қатарында. Сонымен бірге «Нәзір» қоры мүшелерінің Өзбекстандағы Н.Төреқұлов ескерткіші алдында түскен суреттері де осы экспонатта орналасқан. «Нәзір» қорының төрағасы Ы.Исмайылдың Сауд Арабиясына жасаған сапарынан түскен суреттер де көрерменді қызықтырмай қоймайды. Сауд Арабиясының сол кездегі Қазақстандағы елшісі Шейх Алимен елшілікте түскен суреті және Ислам Лигасының төрағасы Абдолла Ат- Түркимен, Доктор Мажит Ат-Түркимен, кәсіпкер Джумаихпен түскен суреттері де экспонатқа өзіндік келбет берген. Нәзірдің гипстен құйылған мүсін экспонаты да залға рең беріп тұр. Нәзірдің майлы бояумен салынған портреті өмірінің соңғы жылдарын еске түсіреді. Бұл экспонат та көрерменді ойландырмай қоймайды. «Тұлпардың самғауы» және «Тұлпардың құлауы» экспонаттары да Нәзірдің тағдырына негізделген. Зер сала қараған жанға суретші көп сыр аңғартқан. Залдағы сандық пен кебеже, келі мен келсап және алаша экспонаттары өткен ғасырдың бас кездерін еске салады. Көне экспонаттарға қонақтардың да ықыластары ерекше. Нәзірден қалған жалғыз тұяғы Әнелдің киімдері музей экспонаттарын толықтырған. Құнды экспонатқа музейге экскурсия жасаған қонақтар ықыласпен ден қояды. Музейге Сауд Арабиясы Корольдігінің 100 жылдығына орай берілген Алтын медаль мен «Личность Петербурга» атты Нәзір Төреқұлов атына берілген күміс медальдің да орны бөлек. Сонымен қатар лампа, шырағдан экспонаттары да көздің жауын алады. Залдағы айнада музейге сыйға тартылған бірқатар кітаптар қойылған. Олардың қатарында Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың кітабы мен ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді көркем тілмен бейнелеген жазушы Жылқыбай Жағыпарұлының «Зар-нала» атты туындысы бар. Міне, Мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов музейіндегі экспонаттар осы залдарда топтастырылған. Музейге экскурсия жасауға келген қонақтарға музей қызметкерлерінің қызметі қашанда әзір.Омар ЖЕКСЕНБАЕВ,
Түркістан облысы «Ұлы Дала Елі Орталығына» қарасты
Нәзір Төреқұлов музей филиалының меңгерушісі