Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
26 қыркүйек, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

Биыл 8 ЖЭК нысаны іске қосылды – Тоқаев

Биыл 8 ЖЭК нысаны іске қосылды – Тоқаев

Биыл 8 ЖЭК нысаны іске қосылды – Тоқаев
ашық дереккөзі

Жыл басынан бері елімізде жаңартылатын энергия көздерінің 8 объектісі пайдалануға берілді. Бұл туралы Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Климаттың өзгеруі департаментінің директоры Жақсылық Тоқаев айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 2022 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) 142 объектісі жұмыс істеп тұр. Олар жалпы 2332 МВт қуат өндіреді.

«Мысалы, елімізде 43 жел электр станциясы (қуаты – 894 МВт), 54 күн электр станциясы (қуаты – 1150 МВт), 40 су электр станциясы (қуаты –280 МВт), 5 биоэлектр станциясы (қуаты – 8 МВт) бар. Бұл деректерді Энергетика министрлігі берді. Биыл жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) 8 нысаны іске қосылды. Олар 322 МВт электр энергиясын өндіреді. Жыл соңынан дейін 13 ЖЭК объектісі пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Олардың жалпы қуаты 105,24 МВт болады», - деді Жақсылық Тоқаев.

Сондай-ақ басқарма басшысы Қазақстан үшін «жасыл» экономикаға көшу қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

«Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдарды 1990 жылғы деңгейден 15%-ға төмендетуге міндетті әрі 2060 жылға қарай еліміз көміртегі бейтараптығына қол жеткізетінін мәлімдеді. Сондықтан жасыл технологияларды дамыту маңызды және олар алға қойған мақсат қол жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі құралдың бірі болып саналады», - деді маман.

Қазақстан Үкіметі 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын дайындау бойынша жұмыс тобын құрған.

Сарапшылардың болжамынша, парниктік газдарды 2050 жылға дейін кемінде 70%-ға дейін азайту үшін салаға 350 млрд доллар көлемінде инвестиция құю керек. Сондай-ақ ЖЭК жобаларын жүзеге асыру үшін 163 млрд доллар қажет.

«Жаңа энергетикалық теңгерімге сәйкес, 2035 жылға дейін жел электр станцияларына басымдық беріледі. Жаңартылатын энергия көздері негізінде 6 500 МВт-тан асатын электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр. Әрине, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты инвестиция керек. Сондықтан Энергетика министрлігі жыл сайын аукцион өткізіп, ЖЭК нысандарының жобаларын іріктеу кестесін жариялайды. 2022 жылы электр станцияларының түрлерін анықтап, 690 МВт қуат көзін өндіру жоспарда бар: Күн станциясы – 60 МВт, жел станциясы – 400 МВт, су электр станциясы – 220 МВт, биогаз электр станциясы – 10 МВт», - деді Жақсылық Тоқаев.

Сонымен қатар директор жел немесе күн электр станциясын салу үшін қанша қаражат керегіне тоқталды.

«Мысалы, жақында «Самұрық-Энерго» АҚ Power China компаниясымен бірлесіп, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек дәлізінде қуаты 60 МВт болатын жел электр станциясын салды. Бұл ЖЭК-ті дамытуға қолайлы өңір болып саналады. Болашақта жаңа жел электр станциясының қуатын 300 МВт-қа жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл қыркүйекте Ақтөбе облысы Қарғалы ауданында «Бадамша-2» жел электр станциясы іске қосылды. Жобаны Eni италиялық компаниясы мен Arm Wind ЖШС бірлесіп, жүзеге асырды. Жел электр станциясын салуға 36 млрд теңге жұмсалды. Ол 48 МВт электр энергиясын өндіреді. Сонымен қатар ERG компаниясы Ақтөбе облысында қуаты 155 МВт болатын «Хромтау» жел электр станциясын салады», - деді Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Климаттың өзгеруі департаментінің директоры.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда салынатын ЖЭК нысандарындарына 12 мемлекет инвестиция құюға ниет танытқан.

«Оның ішінде Қытай, Ресей, Түркия, Германия, Франция және Болгария және тағы басқа елдер бар. Жаңартылатын энергия көздерінің жобалары жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылатынын атап өткім келеді. Бұл нысандарға бюджеттен қаржы бөлінбейді. Технологияның дамуына байланысты мұндай объектілердің өзіндік құны да төмендейді. Мысалы, 1 МВт күн электр станциясын салу үшін шамамен 600-800 мың доллар, ал жел станциясының құрылысына 1,2 млн доллар қажет», - деді Жақсылық Тоқаев.

Айта кетейік, 2022 жылғы бірінші тоқсанда елімізде ЖЭК электр энергиясын өндіру өткен жылмен салыстырғанда 14,6%-ға артып, 933,1 млн кВт/сағат болды.

Күн электр станциялары ЖЭК ішінде ең үлкен қуатқа ие болғанына қарамастан электр қуатын жел электр станциялары ең көп өндіретіні анықталды: шамамен 545 млн кВт/сағат (бір жылда плюс 27,1%).

ЖЭК өндіретін электр энергиясының жалпы үлесі – 3,03%. Өткен жылғы көрсеткіш – 2,64%.

2020 жылы әлемде электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 28,2% болған.

Биыл Қазақстан жаңартылатын энергия көздері нысандарын іске қосу нәтижесінде 900-ден аса жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.

Бүгінде 5 ЖЭК нысаны өз жұмысын бастаған. Оның ішінде 3 күн электр станциясы, 2 жел электр станциясы бар. Онда 330 адам жұмыс істеп жүр. 2022 жылдың соңына дейін 577 жұмыс орны ашылады.

Еске салайық, 2013 жылы Қазақстанда «Жасыл экономикаға» көшу концепциясы қабылданды. Нәтижесінде жаңғырмалы энергия көздерінің үлесі 2020 жылы – 3%, 2030 жылы – 10%, 2050 жылы 50%-ға жетуі тиіс деп жоспар белгіленді.

Жаңартылатын энергия көздері – тек күн мен жел энергиясы емес, гидродинамикалық су энергиясы, геотермалдық энергия: топырақтың жылуы, жерасты суы, өзендер, су нысандары, бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: биомасса, биогаз және электр немесе жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын органикалық қалдықтардан шығатын басқа да отындар.