Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
20 қыркүйек, 2022 / NewsRoom / Жаңалықтар

79 жылдан кейін табылған дерек...

79 жылдан кейін табылған дерек...

79 жылдан кейін табылған дерек...
ашық дереккөзі

(58-ші бап құрбаны немересінің сыры)

Әкем Әмірбайдың 25 жыл бойғы жалғыз қызы едім. Мен 25-ке келгенде ғана әке арманы орындалып, Елтай деген ер балалы, мен бауырлы болдым. Дегенмен, бүгінгі әңгіме өрісі басқалау... деп жазады белгілі ғалым т.ғ.к., доцент Гүлнәр Жанысбекова shymkala.kz басылымында жариялаған мақаласында. Осы орайда, newsroom.kz порталы талай қазақ отбасының шаңырағын шайқалтып, осыдан 70-80 жыл бұрын ғана жазықсыз жандарға жапа шеккізген зұлмат жылдар жайлы мақаланы қаз-қалпында оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. ... Жалғыз ғана перзенті болғаннан болар, әкем қазақтың ең сакральды түсінігі – жеті атаны – қыз да болсам менің санама құя берген еді. Әкенің әңгімесі «Кәтчу-кәтчу, қара нар, Бесқалаға түзу бар!» деп басталар еді де, бабамыз Сүйінғараның соңғы нанын әулеті мен көршілеріне «Сыбаға» деп беріп жіберетіні, жаугершілік замандардан бері қарай «Сүйінғара, сыбағамды бер!» деген сөздің келе жатқаны – бәрі-бәрі 3-4 жастан бастап менің жап-жаңа санама жазыла берген-ді... Осылайша, жеті атамызды түгелдеп айтып отыратын әкеме: «Сонда мен сегізінші апамын ба?» - деп ақымақ сұрақ қоятыным да есіме түседі де, мені әлі күнге дейін ұялтады. Бестегі бүлдіршіннің білмекке құмарлығы көп қой, осындай сұрақтарымның бірі өз ойымда әлі бар, өйткені ол сұрақ жауапсыз қалған бірінші және соңғы сұрақ болатын. Ол жеті атаның барлығын бәрін санамалап келген әкемнің өз әкесіне келгенде әңгімені тез аяқтай салатындығының себебі неде екендігін білмекке ұмтылған сұрақ еді... Жеті бабаны бірдей мақтан тұтатын, олар туралы есіп тұрып әңгіме айтатын әкемнің осы тұстағы аз сөздігі мені өте-мөте таңқалдыратын. Өзі тікелей танымайтын аталары туралы көзі көргендей етіп айтатын кісі өз әкесін де жақсы білуі керек қой! Кез-келген тілегімді мүлтіксіз орындайтын жан – менің атам Оразәлі туралы сұрай бастағанымда үнсіз қара тасқа айналатын еді. Ондай сәт мен үшін өте қорқынышты еді. Әкем адам танымастай өзгеретін... Дегенмен, жылдар өтіп, есейіп, оқу оқып, тұрмыс құрып, бала-шағалы болып, сол тірліктің таусылмас мың қайталанар кезекті күйбеңінің бір күнінде мен үшін жаңғырығынан жер жарылғандай әсер берген бір әңгіме әкем екеуміздің арамызда өрбіді.
«Балам, әкем Оразалы Бақыбаев ақталды ма екен? Сен тарихшысың ғой, 94-те ақталып жатыр еді. Міне, туу туралы куәлігі, осыдан басқа құжаты жоқ. Іздейсің ба, осыны саған берейін, Елтай әлі кішкентай ғой», - деген сөздері мені есеңгіретті.
 width=

Атам - Оразалы Бақыбаев

Кішкене күнімдегі жауапсыз қалған сұрақтың шешімі осы екен ғой!? Халық жауы! Халық жауының баласы! Осындай сұмдық атақтың санаға салар ауыр жүгінен мені құтқару үшін сақталған үнсіздік екен. Осыдан кейін әкем көп ұзамай о дүниеге аттанды. Ал оның әке алдындағы қарызы мен әкесін іздеген арманы маған өтті. Аманаттың жүгі ауыр дегенді естіп өстік. Алайда оның осыншалықты жүгі ауыр болатынын, соңғы 10 жылдан астам уақытта кімге айтарымды білмей дал едім. Әке арман-аманаты әр таңда ойымда жаңғырып, әр күн менімен бірге оянатын еді.  width= Қас қылғанда интернеттен ешнәрсе табылмады. Ресейдің сайттарына жазып, сұрау салғанда, үнемі жергілікті мемлекеттік қауіпсіздік орындарына жүгініңіз деген ғана жауап келетін. Қаламыздағы саяси қуғын-сүргін музейінің сыртын айналсоқтап, қаншалықты жүрдім десеңізші! Кез-келген істе, кез-келген жерде, таныс емес орталарда тосын түйінді мәселелерді жеңіл шешіп, ауыр жұмыстарды оп-оңай атқарып кете беретін басым – дәл осы жерде тосылып қала бердім. Менің жаным енді шын қыспақта қалды... Тіпті осы жолдарды жазып отырғанда да сол күндерімді еске алудың өзі дәл қазір мені қаншалықты қажытып, жасытып отырғанын біреу түсінсе – біреу түсінбес.  width=

Апам - Ханбибі. Арып-ашып қиналған күндерінде, маңғыстаулық қолөнер шеберлігімен күн көрген. Әкем - Әмірбай оның тірі қалған балаларының үлкені болды. Қарағанды шахтасында тапқан айлығымен қолында қалған балаларын асырауға жәрдем берген.

... Мен осылай он жылдан аса уақыт жүрдім ... жанымдағы осы ауыр кеселмен ...
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына орай құрылған Мемлекеттік комиссияның жергілікті жердегі құрамын жасақтауға берілген тапсырма-хаты мен қызмет жасайтын орталыққа келгенде басқаларды ұйымдастырумен бірге, өзім де ойланбастан сол құрамға бірден еніп кеттім. Бұл менің әкемнің өтінішін орындайтын соңғы және шынайы мүмкіндігім еді. Осы үшін Президентке үлкен алғысымды білдіремін!
Өршелене ізденгенім, осы іске берілгенім соншалық – өз-өзімнен сол жұмысшы топтың жетекшісіне қалай айналып кеткенімді де шынымен аңғармай қалдым. Не болса да, қандай ауыр жұмыс болса да демалыссыз, тіпті рахаттана атқара бердім. Әкем үшін! Өзімнің ар-ождан бостандығым үшін! Ал, бүгінгі күні Шымкент өңірлік комиссиясының жұмысшы тобы талайлардың тауқыметті тағдырының сырын ашуда іргелі зерттеушілік орынға айналып келе жатыр. 8 бағытта архивтік және экспедициялық зерттеулер жасайтын 25 зерттеуші бүгінгі күнде өз нәтижелерін тұжырымдап 30-ға жуық ғылыми мақала жазып ұсынды, 1 ғылыми мақалалар жинағын шығарды. 50-ден аса имидждік ілгерілету мақалалары республикалық және жергілікті мерзімдік басылымдарда жарық көрді. Талқандалған ауылдар, ойрандалған әулеттер мен отбасылар, аштықтан қырылып есі шыққан елдің ауыр зұлмат шағының тарихи шындығы көз алдымызға әрбір сәтінің, эпизодының қанық бояуымен тіріліп, қайта оралып келе жатыр. Осы еңбегімнің өтеуіндей болып – атам Бақыбаев Оразалының 1943 жылы сотталғаны (түсініктеме: 58 бап билікке қарсы контрреволюциялық әрекет)... тағысын-тағы ... Әкем екеуміз үшін ғана маңызды деректерді іздеп тауып алдым да, осы қуанышыммен бөлісу үшін бұл туралы 1-2 жылда әрең ашатын фейсбук желісіндегі аккаунтымда 2021 жылғы 6-шы мамырда «Маңызды күн! Әкемнің аманаты орындалды: атысып, НКВД-ға берілмей кеткен атамның хабарын 78 жылдан кейін таптым!» - деген жазба қалдырыппын.  width=

Бұл менің әкем - Әмірбай маған шежіре айтатын, ешқашан КПСС қатарына өте алмаған. Өз совхозын "миллионник" жасаса да, Мәскеуге жолдама берілмеген. Тек 8 сыныптық қана білімді аяқтауға мүмкіндік берілген. 10 сыныпты менен 5-6 жыл ғана бұрын аяқтауға мүмкіндігі болды. Шахтерлық өмірден соң саналы өмірінің біршамасын Қарқаралы ауданы, Нұркен Әбдіров совхозының шаруашылығын көркейтуге атсалысты. Әке аманатын маған өткізді. Паспортында тегі жазылмайтын, бірақ фамилиясын амалдап сақтап қалған азамат әкем осы кісі.

Дегенмен, алда Атырау қаласындағы қауіпсіздік орындарына өтініш жасау жұмысы күтіп тұр. Хабары табылған атамның құжаттарын толық табу міндеті бар. Өйткені, оның сүйегінің қай жерде екендігі және оның ұрпақтарының ешқайсысына да белгісіз! Өздері 4 ағайынды 10 ұлдың әкесі Оразәліден тараған әулеттен бүгінгі күнде 2 ұлының – Әмірбай мен Әмірханның ғана ұрпақтары аман-есен осы аңсаған Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлауға мүмкіндік алып отыр. Басқа балаларының тағдыры белгісіз. Ол ағалар өмірден бірі – ерте, бірі – кеш ұрпақсыз өтіп кетсе керек. Бұл да саяси қуғын-сүргіннің зардабы. Сондықтан, «Тәуелсіздік – бәрінен де қымбат!» деген Президент сөзі менің әр күнімнің дұғасындай! Тағы да рахмет!  width=

Фото shymkala.kz сайтынан алынды

Әңгіме түйіні. Миым мен жүрегімнің қанын сия етіп жазған осы мақала жарық көрер ме екен?! Мен оны жарияға ұсынар ма екенмін? Ақылдасармын – дұрыс делінсе – жарияланар; жарияланбаса да – мен осыны жазуға тиіс едім. Осы жазбаны оқыған, Әмірбайды білетін, Әмірбай десе, ішкен асын жерге қойып қатты сыйлайтын, Ақтау мен Атырау, Ақтөбе, Шымкент пен Жамбыл, бүткіл саналы өмірін өткізген Қарағанды елі оны тағы бір есіне алып, «Е, жақсы адам еді! Ойлағаны орындалыпты, ана дүниеде рахат көрсін», - дер ме екен?! Өз әкесін сағынышпен еске алар ма екен? Тірісімен сыйласар ма екен?! Әке – біздің рухымыз! Рухымыздың Байрағы жығылмасын!  

Гүлнар ЖАНЫСБЕКОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

P.S. Түпнұсқа деректе мақала атауы «78 жылдан кейін табылған дерек...» - деп аталады. Мақаланың 2021 жылы жазылғанын ескере отырып, «79 жылдан кейін табылған дерек» - деген тақырыппен жарияланып отыр. Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынды.