Үйінен ірі көлемде ақша ұрланғаны туралы Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасына келіншек арызданған. Осылайша ол қаржы пирамидасына алданып қалғанын күйеуінен жасыру үшін барған деп жазады NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі policia.kz-ке сілтеме жасап. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз тұлғалар оның пәтеріне кіріп, миллион теңгесін алып бой тасалаған. Алайда қылмыс орнын мұқият қараған жедел уәкілдер, ұрлықты отбасы жақындарының бірі жасауы мүмкін деген болжамға келген. Полиция қызметкерлері көршілерден жауап алғаннан кейін, ұрлыққа жәбірленушінің өзінің қатысы барын анықтаған. Тергеу барысында әйел өз ақшасынан айырылғандықтан, оны жасыру үшін ұрлық жасалды деп жалған ақпарат берген. Кейіннен анықталғандай, күдікті күйеуінен жасырын түрде қаржы пирамидаларының біріне миллион теңге салған. Бірақ содан кейін, БАҚ арқылы және әлеуметтік желілерден, ол мекеменің жабылғанын білген. Күйеуінен жоғалған ақшаны жасыру үшін әйел "үйге ұры түсті" деп, полицияға жалған арыздануына мәжбүр болған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 419-бабы «Көрінеу жалған ақпарат жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жиналған материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жіберілетін болады.